«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ” ҚЫЗМЕТІНЕ — ЖАҢА КӨЛІКТЕР

Облыстық жедел медициналық қызмет орталығы заманауи үлгіде жабдықталған 18 реанимобильмен толықты. Бұл денсаулық сақтау саласын жүйелі түрде қаржыландырудың арқасында жүзеге асып отыр. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Жылжымалы реанимацияның” мүмкіндіктерімен танысып, жыл соңына дейін тағы 20 көлік сатып алынатынын жеткізді.

Соңғы үш жылда денсаулық сақтау саласына 113 млрд. теңге қаржы құйылған. Биыл бұл сала 56 млрд. теңгеге қаржыландырылып, медициналық ұйымдарды арнайы көліктермен қамтамасыз ету көлемі үш есеге артты. Бүгінгі күнге дейін облыс аумағында тұрғындарға 41 “жедел жәрдем” көлігі қызмет көрсеткен еді. Оның 10-ы заманауи болғанымен, көлік тапшылығы салдарынан дәрігерлер мен фельдшерлерге уақтылы жәрдем жасау қиындық туғызатын.

Енді, міне, жаңа реанимобильдердің көмегімен бұл проблема шешілгелі отыр. Облыстық жедел медициналық қызмет орталығының бас дәрігері Асхат Өтебаевтың айтуынша, “темір тұлпарлар” соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталған. Оның, әсіресе, қазіргі пандемия жағдайында сырқаттарға жедел көмек көрсетудегі пайдасы өте зор. “Коронавирус инфекциясы ауруының алғашқы толқынында біз тәулігіне 700-ден астам шақыртуға шығатынбыз. Осындай қысылтаяң шақтарда көлік жетіспеушілігі өткір сезілді. Ал мына реанимобильдер уақытымыздыүнемдеуге, тұрғындарға уақтылы әрі сапалы көмек көрсетуімізге сеп болары сөзсіз. Онда алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған жасанды тыныс алу аппараты, ингаляциялық оттегі жүйесінің жинағы, монитор-дефибриллятор, электросорғыштар, артериялық қысым, қызу, тыныс алу жиілігін өлшейтін функциясы бар реанимациялық-анестезиологиялық монитор сынды барлық қажетті жабдық бар. Маусымдық аурулар мен “COVID-19” вирусын жұқтыру қаупін ескерсек, бұл автокөліктер біздің тұрғындарға барынша сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді”, – дейді Асхат Оңғарұлы.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов техниканың мүмкіндіктерімен таныса келе, денсаулық сақтау саласын жаңарту ісі одан әрі жалғасатындығын, медициналық мекемелер індеттің екінші толқынына толыққанды дайын екендігін жеткізді.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp