Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 1997 жылғы алғашқы Жолдауында халықты дағдарыстан шығу үшін бірлесуге шақырған болатын. Ал биыл ол сол қиыншылық жылдардан бері экономикамыздың едәуір өсіп, еліміздің дамыған 50 мемлекеттің қатарына кіргендігін айтып, алға тағы да нақты мақсат-міндеттерді белгіледі. Енді біз елімізді әлемнің дамыған 30 озық мемлекетінің қатарына қосуымыз керек.
Бұл мәселе “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында да айтылған болатын. Аталған құжаттың заң үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі 27-қадамында жекеменшік сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту және мемлекеттік сот орындаушыларын біртіндеп қысқарту жайы қарастырылған еді. Осы орайда өңірімізде сындарлы жұмыстар қолға алынды.
Елбасы биылғы Жолдауының бесінші басымдығында еліміздің жекеменшікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргізіліп жатқанын айтып, Үкіметке “Атамекен” ҰКП-мен және азаматтық қоғамдастықпен бірлесіп, жекеменшік құқығын қорғауды күшейтуге қатысты бүкіл заңнама ревизиясын жүргізуді тапсырды. Өңірдегі сот орындаушылары азаматтардың, лауазымды тұлғалар мен мекемелердің заңды мүдделерін және құқықтарын қорғауды үздіксіз қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде жеке сот орындаушыларының қызметіне сұраныс жоғары. Жалпы, елімізде жеке сот орындаушылары институтын енгізу идеясын Елбасы 2005 жылы өткен республика судьяларының IV съезінде көтерген болатын. Әлемнің 60-тан астам елінің тәжірибесі бұл институттың нәтижелілігін айқындады. Осылайша, 2010 жылдан бастап аталған институт өз жұмысын бастады. Үстіміздегі жылдың 18 қаңтарында біздің өңірде 135 жеке сот орындаушысы тіркелсе, оның 44-і тұрақты жұмыс істеуде (26-сы Петропавлда, қалғаны аудандарда).
Былтыр өңірдегі мемлекеттік сот орындаушыларының 30 пайызы қысқартылды, олардың қатарында жеке сот орындаушысының лицензиясын алғандар да бар, яғни олар өз жұмыстарын жеке сот орындаушысы ретінде әрі қарай жалғастыра алады. Қазір жеке сот орындаушы болғысы келетіндерге лицензия беру үрдісі біршама жеңілдетілді. Олар тек құқықтық сауаттылығы мен кәсіби құзыреттіліктерін аттестаттаудан өту арқылы көрсетулері керек. Жеке сот орындаушылар санын ұлғайту олардың қызметімен өңір аудандарын толық қамтып қана қоймай, лайықты бәсеке тудыруға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысы Жолдауда: “Әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендірген жөн”, – деп, әкімшілік айыппұлдардың әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуға тиістігін алға тартты. Былтырдан бастап өңірдегі жеке сот орындаушылары алимент, еңбекақы, зейнетақы мен жәрдемақыны өндіріп алу бойынша заңды көмек көрсетіп келеді. Осыған байланысты олардың өндірісіндегі атқарушылық құжаттардың саны жыл сайын артуда. Мәселен, өткен жылы оларға 64 миллиард теңгеден астам сомадағы 64586 атқарушылық құжат берілсе, соның 26733-і орындалды. Ал есепті кезеңде орындалмаған 37583 құжаттың 54,4 пайызы – әкімшілік айыппұлдар.
Қазір алимент мәселесі өзекті болып тұр. Оны өндіріп алудың қиыншылығы көп. Сол себепті сот орындаушысы өз ісінің білікті маманы болуы шарт. Өңір бойынша мемлекеттік сот орындаушылардың қарауында алиментке қатысты 4100 құжат болса, соның 3 мыңнан астамы борышкерлердің еңбекақысынан өндірілуде. Ал 122 іс бойынша мәселе ушыққан. Өйткені, борышкерлердің дені міндеттерін орындаудан ашық түрде жалтаруда. Бүгінде олардың қарызы 54773496 теңгені құрады. Өткен жылы жалпы сомасы 135060122 теңгені құраған 455 проблемалық алимент тіркеліп, оның 79949813 теңгесі өндіріліп алынды. Ал жеке сот орындаушылары былтыр кәмелеттік жасқа толмаған балаларына алимент төлемеген 30 ана мен әкені әкімшілік жауапкершілікке тартты.
2013 жылдың 27 наурызында министрліктің тапсырмасына сәйкес әділет департаменті және облыстық әкімдік бірлесе өңірімізде “Қазақстан заңгерлерінің одағы” республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалын құру жөнінде конференция өткізді. Өзім төрағалық ететін одаққа – 302 заңгер мүше. Олар құқықтық түсіндіру жұмыстарын тиімді жүргізу үшін тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатқан.
Біз республикадағы әділет департаменттерінің ішінде алғашқылардың бірі болып АХАЖ-дың электрондық мұрағатын жасадық. Ол мұрағаттық құжаттарды алуды жеңілдетіп, уақыт үнемдеп, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырды. Өткен жылы АХАЖ-да туу бойынша 7913, өмірден өткен 6900, некелескен 3682, айрылысқан 2090, әке болған 1419, бала асырап алған 44, аты-жөнін өзгерткен 212 адам тіркелді.
Мүлік адам өмірінің ажырамас бөлігі болып табылады, оның кімге тиесілі екендігі құжатты рәсімдеумен анықталады. Былтыр департаментте 50 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Жылжымайтын мүлікке қатысты 66887 тіркеу жүргізіліп, оның 8963-і электронды түрде жүзеге асырылды.
Өткен жылы заңды және жеке тұлғалардан зияткерлік меншік саласында заңнама талаптарын бұзуға қатысты бірнеше арыз түсіп, олардың 11-іне тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде өңірдің 10 жеке кәсіпкерінің тауар белгілерін заңсыз қолданғандары анықталып, 175510 теңге сомасындағы тауарлар тәркіленіп, барлығы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 158-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдың мөлшері 848400 теңге.
Біз нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеуге ерекше көңіл аударамыз. Өткен жылы әділет департаментіне мемлекеттік тіркеуге 535 нормативтік-құқықтық акт келіп түссе, соның 366-сы тіркеліп, 12-сі қабылданбады. Сондай-ақ, бүгіндері мемлекеттік қызметтің жартысынан көбі баламасыз негізде көрсетіліп, әкімшілік кедергілерді қысқартуға байланысты апостильдеу және лицензиялау, жылжымайтын мүлік, заңды тұлғаларды тіркеу саласындағы қызметтер электрондық түрде ұсынылады. Бұл қағазбастылықты жойып, уақытты үнемдеуде. Бүгінгі таңда әділет департаменті халыққа мемлекеттік қызметтің 19 түрін ұсынса, соның 14-і электрондық форматта көрсетіледі. Осының арқасында бұл жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізіп, өткен жылы департамент қызметкерлері “бармақ бастылық, көз қыстылыққа” бой алдырмады.
Биыл министрлік пен оның бөлімшелері жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексін әрі қарай арттыру бойынша жұмыс жүргізді. Соңғы зерттеулердің қорытындысы бойынша, Қазақстан бұл тізімде 53-орында тұр. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда, төмен көрсеткіш. Сондықтан бәсекеге қабілеттілігімізді барынша жандандыра түсуіміз керек. Дүниежүзiлiк экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк индексiнде Қазақстанның орнын жоғарылату үшiн Әділет министрлігіне төрт индикатор бекітілген. “Зияткерлік меншікті қорғау” және “Даулы сұрақтарды шешудегі заңнаманың тиімділігі” индикаторлары бойынша Қазақстан бір сатыға жоғарылап, біріншісі бойынша – 69, екіншісінде 47-орынға ие болды. “Меншік құқығы” көрсеткіші тіпті жақсы. Мұнда біз 9 сатыға көтеріліп, 58-орынға жайғастық. Ал “Әкімшілік реттеуді даулаудағы заңнаманың тиімділігі” бойынша 5 сатыға төмендеп, 57-орынға тұрақтадық. Бұл көрсеткіштер департамент жұмысын жетілдіру керектігін айғақтайды. Осыған байланысты бәсекеге қабілеттілікті арттыру бойынша барлық қызметкерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Руслан КАКТАЙ,
облыстық әділет департаментінің басшысы.