Жетістіктеріміз өз алдына, өңірімізде даму деңгейі төмен спорт түрлері әлі де бар. Солардың бірі – тректік автожарыс. Дегенмен, Қызылжар ауданының “Құлагер” ипподромы мен әуежай аумағында жылына екі мәрте ұйымдастырылатын қысқы және жазғы сайыстарда солтүстікқазақстандықтар жергілікті автоспортшыларға қолдау көрсетуді дәстүрге айналдырған. Аталмыш додаларда сынға түсіп, өңір намысын қорғап жүрген Роман Жуковень – он жылдан астам уақыт бойы автожарыста шыңдалған спортшы.
– Қай бала автокөлікті тізгіндеп, авторалли және “Формула 1” сияқты бәсекелі жарыстарда сынға түсуді армандамайды?! Олардың қатарында мен де болдым. Менің әкем Владимир Жуковень автожарыстан Қазақстан және Ресей біріншіліктерінің бірнеше мәрте жеңімпазы болған. Жастайымнан “темір тұлпарлардың” ортасында өскендіктен болар, кейін автоспорт мен үшін әуестік қана емес, ол өмірімнің маңызды бір бөлігіне айналды. Бүгінде өзімді сайыссыз елестете алмаймын,– деген ол әңгімесін әрі қарай өрбітті. – 2005 жылы Астана қаласында қысқы тректік автожарыстан ел біріншілігі өткен болатын. Ең алғашқы жарысыма мықтап дайындалған едім. “ВАЗ-2108” автокөлігімді түгелдей өз қолыммен құрастырып, жинадым. Төккен терім зая кетпей, қарсыластарымның біліктілігіне қарамастан, бәсекелі додада төртінші орынға табан тіредім. Араға екі жыл салып, Петропавлда өткен ел біріншілігінде үшінші орынға ие болсам, 2008 жылы ел біріншілігінде екінші жүлдені еншіледім.
Жерлесіміздің соңғы жетістіктеріне келер болсақ, Роман былтыр “Құлагер” ипподромында өткен жазғы тректік жарыста төртінші орынға ие болған. Бір атап өтерлігі, бұл жарыста фавориттердің тізімінде болып, он спортшының ішінде екінші орынға көтерілген.
– Ал жуырда Қызылжар ауданындағы “Құлагер” ипподромында Түмен, Қорған, Омбы және Петропавл қалаларынан 17 үміткердің қатысуымен өткен Орал, Сібір және Қазақстан біріншілігінің алтыншы кезеңінде бағымды сынадым. Бұл күні 6 рет жарыс жолына шыққан автоспортшылар ұзындығы 1,2 шақырымды құрайтын ипподромды 4 рет айналды. Сайыс ережесі бойынша жарыс жолына шыққан жеңіл автокөліктердің қозғалтқыштарының көлемі 1600 текше сантиметрден аспауы қажет. Сондай-ақ, жүргізушінің қауіпсіздігі үшін автокөлік темір құбырлармен қоршалған болуы міндетті. Барлық қауіпсіздік шараларының арқасында автокөлік, тіпті, бірнеше мәрте аударылғанның өзінде жүргізуші ешқандай жарақат алмайды, – деген Роман сөзін әрі қарай жалғады. – Шұғыл бұрылысқа жеткен кезде “темір тұлпарға” ие болу жүргізушіден бар шеберлікті қажет етеді. Себебі, сағатына 190 шақырым жылдамдықпен бұрылысқа түссең, 90 шақырым шамасындағы жылдамдықпен тура жолға шығасың. Бұл тығыздалған қар мен мұздың үстінде руль бұрып, көлігіңді тізгіндеу оңай шаруа еместігін дәлелдей түседі. Осындай бұрылыстардың бірінде көлігім аударылып, қырынан тұрды. Сөйтіп, өкінішке қарай, жарыс жолынан шығып қалдым.
Соңғы жарыста спортшы Павел Райко және Сергей Толстобров деген механиктердің көмегімен зақымданған автокөлігін жөндеу жұмыстарына кірісіп кеткен. Себебі, алдағы жаз маусымында аталып өтетін Қала күнінде әуежай аумағында өткізілетін жазғы тректік автожарысқа қызу дайындық қажет.
Роман Владимировичтің сөзіне қарағанда, спорттың аталмыш түрін әркімнің қалтасы көтере бермейді екен.
– Мәселен, автокөлікті әр сайысқа дайындау, қажетті сайман мен жанармай сатып алу, жарыс барысында соқтығысып, майысқан не сынған жерді жөндеу – осының барлығы біраз қаражатты қажет етеді. Ал сайыста апатқа ұшырасаң, бұл шығын еселене түседі. Автожарысқа жастардың аз келуі де осыдан болар. Қазіргі уақытта бәсі биік додаларда облыс намысын қорғап жүрген спортшыларды бір қолдың саусағымен санап шығуға болады. Атап айтқанда, Дмитрий Шарапаев, Леонид Анатоленко, Никита Татымов пен Евгений Комов сияқты өз ісінің шеберлерінен құралған тізімнің өзгермегеніне біршама уақыт өтті. Бүгінде қатарымызға жеңіске құштар жастар керек, – деді ол.
Қазіргі уақытта автоспортшылар “Динамо-Лидер” спорттық-техникалық клубында жаттығады. Демеушілік көмектің жоқтығынан жергілікті спортшылар өз ортасынан аса алмай отыр.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
