«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Желіні жаңғырту жалғасуда

Облыста жылыту маусымы әдеттегіден сәл ертерек бас­талды. Сондықтан желілерді жаңғырту жұмыстары әлі жал­ғасуда. Жергілікті тілшілер баспасөз туры барысында “Сев­КазЭнерго” АҚ-ның қарамағындағы Петропавл №2 жылу-электр орталығында болып, жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Облыс орталығы мен 8 аудан­ды қуат көзімен қамтамасыз етіп отырған компания соңғы жылда­ры ауқымды жаңғырту жұмыста­рын қолға алған. Нәтижесінде электр энергиясын тарату сапасы біршама артады деп күтілуде. Бұл жұ­мыстар Петропавл қала­сын жы­лумен қамтамасыз етіп отырған №2 ор­та­лықта да жал­ғасын та­буда. Мұн­да тозған құ­рал-жаб­дық­тарды жа­ңартуға ба­сымдық берілуде. Апат санын азайту мақсатында жылу қазан­дықтары мен турбиналар жөн­деу­ден өту­де. Кəсіпорында 12 қа­зандық, 7 турбоагрегат және 7 транс­фор­ма­тор бар. Олардың ақау­сыз іс­теуіне 5 машинист жа­уапты. Мұн­дағы жұмыс 80 па­йыз­ға автомат­тандырылған. Биыл қолға алын­ған ауқымды жаңғырту аясында №4, 5 және 6 қазандық аг­регат­тары күрделі жөндеуден өт­кен. Соңғысының бу трактісі жа­ңар­тылған.

Өндіріс ошағының директоры Виктор Барминнің айтуынша, алдағы уақытта бұл қазандықтар автоматты басқару жүйесіне толық ауыстырылмақ.

– 2009-2016 жылдар аралы­ғын­да кәсіпорындағы жаңғырту жұ­мыстарына 45,3 млрд. теңгенің қаражаты жұмсалды. Оның 30 па­йызы өз қаржымыз болса, қалға­ны – Еуропалық қайта құру және да­му банкінің займы. “Нұрлы жол” инфрақұрылымдық даму бағдар­ла­масы аясында Ұлттық эконо­ми­ка министрлігінен алынған бюд­жет­тік демеуқаржы орталықтағы қа­зандықтар мен турбоагрегат­тарды ауыстыруға жұмсалуда. Яғни, турбина­лар­дың барлығы қайта қалпына келтірілді. Ал қазандықтардың 8-і жөнделді. Қалғанын осы айдың со­ңына де­йін жөндеп, іске қоса­мыз. Атқа­рылған шаруаның ар­қасында жылу энергиясы үнем­деледі деп күтілуде, – деді Виктор Бармин.

Соңғы үш жылда “СевКазЭнер­го” акционерлік қоғамының қара­мағындағы инфрақұрылымдарды жаңғыртуға 16 млрд. теңге бөлін­ген. Бүгіндері станция 220 мВт қуат өндіреді. Үстіміздегі жылдың бі­рін­ші жартыжылдығында кәсіп­орын­ның шығындары 1,5 млрд. тең­­­гені құраған. “СевКазЭнерго” АҚ-ның бас директоры Игорь Та­таровтың айтуынша, барлық қиын­­дықтарға қарамастан, жылу-электр орта­лығы жаңа маусымға са­қадай сай дайындықпен келіп отыр.

– Қаламызда жылу беру мау­сы­мы өткен жұмада басталды. Қазір Петропавл №2 жылу-электр орталығының қоймаларында 20 күндік көмір және мазут қоры бар. Нақтырақ айтсақ, қоймаға 180 мың тонна қатты отын мен 500 тон­на мазут жеткізілді. Сондай-ақ, ай сайын 600 тонна мазут сатып ала­тын боламыз. Электр тарату компаниясында да қайта құру жә­не жаңғырту жұмыстары жүргізіл­ді. Өткен жылы орталық “SKADA” автоматтандырылған диспетчер­лік басқару жүйесімен жабдықтал­ды. 2008 жылы бастау алған ау­қымды жұмыс үш кезең­мен жүр­гізілді, – деді Игорь Та­таров.

Бірегей жүйе орын алған ақау­ларды жедел анықтап, оны тез ара­­да жөндеуге көмектеседі. Егер қосалқы станцияның бірінде жұ­мыс тоқтап, тұрғындар жарық­сыз қалса, орталықтағы диспет­чер­лер­ге 1 минуттың ішінде ақау жай­лы хабар түседі. Сол сәтте жауап­ты маман резервтегі стан­цияны іс­ке қосып, жарықсыз қал­ған аумақ­ты уақытша электр энер­гиясымен қамтиды. Кейін апат орын алған жерге жөндеу бригадасы жібері­ле­ді. Энерге­тиктердің айтуынша, бұған дейін қала тұрғындары ақау толық түзе­тілгенге дейін жарық­сыз отыруға мәжбүр болған.

Баспасөз туры барысында тіл­шілер кәсіпорындағы қосалқы стан­цияның жұмысымен де та­ныс­ты. Биыл мұндағы 10 кВ-тық та­рату құрылғысы жаңғыртылған. Алдағы уақытта тозығы жеткен екі трансформатор жаңасына ауыс­­ты­ры­латын болады. Нәти­же­сінде қатарға жаңа тұтынушы­лар қо­сыл­мақ. Орталықтағы жаң­ғырту жұ­мыстары қысқы кезеңнен сәтті өтіп, апаттық жағдайларды азай­туға мүмкіндік береді деп күті­луде.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp