«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ – атқарушы биліктің басты міндеті

Елбасымыз жыл сайын Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында жұмыспен қамту және еңбек саясатын жаңғырту мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді.

Халықты жұмыспен қамту саласында қордаланған өзекті мәселелерді шешу үшін 2011 жылы 31 наурызда “Жұмыспен қамту – 2020”, ал 2013 жылы 19 маусымда жетілдірілген “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламалары қабылданды. Аталмыш құжат бірінші кезекте азаматтарды оқыту, жұмысқа орналастыру, тұрғылықты жерлері бойынша өз істерін ашуға көмектесу, экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден өз еріктерімен көшуін ұйымдастыру сияқты мақсаттарды көздейді.

“Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасының “Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету” атты бірінші бағыты бойынша 2013 жылы аудандағы үш Мәдениет үйі, №1 Новоишим орта мектебі, “Дюймовочка” балабақшасы, Новоишим агротехникалық колледжі, орталық аурухана күрделі жөндеуден өткізілді. Аудандық маңызы бар жолдарға – ағымдағы, ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Биыл осы бағытқа 2 жоба енгізілген, олар: “Шөптікөл (түзету) мектеп-интернаты” ҚММ оқу корпусының шатырын қалпына келтіру, Новоишимка ауылындағы Гаражная көшесінің жолына ағымдағы жөндеу жүргізу.

Бағдарламаның “Кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту” атты екінші бағытын жүзеге асыру мақсатында өткен жылы “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы өз ісін ашу үшін 25 жоба мақұлданып, жалпы сомасы 55 млн. теңгенің микрокредиті берілді. Бұл қаржыға 14 адам қосалқы шаруашылығына қосымша мал сатып алды, 3 кәсіпкер наубайханасын кеңейтті, 8 адам жүк тасымалымен айналысуға мүмкіндік алды, ағаш өңдейтін, жиһаз әзірлейтін, фотосувенир шығаратын, жартылай фабрикаттар, шлакоблоктар өндіретін цехтар, дәмхана, автошеберхана ашты. Осы бағыт бойынша қосымша 17 жұмыс орны құрылды.

Биыл шағын кредиттеуге 87,5 млн. теңге бөлініп, соған орай жұмыс жүргізілуде.

“Оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу” бағыты бойынша 29 адам әлеуметтік жұмысқа тартылды. Жұмыс берушілермен 8 келісім жасалды. “Жастар тәжірибесіне” 60 адамды қабылдап, жылдық жоспарды бір жарым есе орындадық. Олардың 32-сі тұрақты жұмысқа орналасты, 17-сі белгілі себептермен жұмысқа орналаса алмай жүр, қалған 11-ін тұрақты жұмыспен қамту қарастырылуда.

Кәсіби әзірлік бойынша 11 адам 2013 жылғы қыркүйектен бері Петропавл қаласында 10 айлық курста оқып жүр. Өткен жылы 13 адам қайта даярлаудан өтті, олардың 12-сі жұмысқа орналасты, қалған 1-еуі оқуын М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де жалғастыруда. Екі адам біліктілігін көтеру курсынан өтіп, Новоишим автобазасы мен “АКВА-L” ЖШС-іне жұмысқа орналасты.

Үшінші бағыттың “Жұмыс берушінің қажеттілігіне сәйкес еңбек ресурстарының ұтқырлығын пайдалану” атты 2-құрамдас бөлігі бойынша соңғы үш жылда Новоишимка ауылында бірпәтерлік 60 тұрғын үй салынды. Бұл үйлер екі көше болып, аудан орталығының кіреберісіне сән беріп тұр. Ғ.Мүсірепов және Тәуелсіздік көшелеріндегі үйге барлығы 225 адам қоныс тепті, олардың 9-ы – зейнеткер, 10-ы – студент, 37-сі – оқушы, 41-і – мектеп жасына дейінгі бала, 5-еуі – мүмкіндігі шектелген адам, 125-і – еңбекке қабілетті азамат. Өткен жылы пайдалануға берілген 20 үйдің 6-уына даму әлеуеті төмен елді мекендерден өз еркімен көшіп келгендер, 7-іне – жас отбасылар, 7-іне жетімдер қоныстанды. Бұл үйлердің бәрі қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген.

Жаңа шағынауданнан баспана тапқан жас отбасылардың бірі – ерлі-зайыпты Шаймерденовтер. Елдар Емғалиұлы Жер қатынастары бөлімінде бас маманның көмекшісі, зайыбы Алмагүл Амангелдіқызы №2 Новоишим орта мектебінде кітапханашы болып еңбек етеді. Екеуі де – Көкшетау қаласындағы университеттің түлектері. Бір жарым жасар сәбилері бар.

Жыл басынан бері 15 адам әлеуметтік жұмысқа орналасты (жоспар 13 адам). “Жастар тәжірибесіне” 20 адамды тарту, 10 айлық кәсіби оқуға 3 адам, қайта даярлауға 15 адам жіберу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні оқудан өтетін 15 адам іріктелді. Қазіргі таңда бір маман бухгалтерлік курста 1С саяаты бойынша біліктілігін арттыруда.

Марат ӘШЕТОВ,

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Жұмыспен қамту орталығының директоры.

СУРЕТТЕ: Шаймерденовтер отбасы.

Суретті түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp