Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында біздің жерлесіміз және туысымыз Рәшит Жанғалиевтің жауынгерлік ерлігі жайлы айтқым келеді. Ол 1939 жылы бұрынғы Октябрь (қазіргі Шал ақын) ауданындағы Бағанаты ауылынан әскерге шақырылыпты. Өкінішке қарай, оның есімі облыстық немесе аудандық Даңқ мұражайларында мүлдем аталмайды.
Ұзақ іздестірудің нәтижесінде Рәшит Жанғалиевтің Жезқазған облысында тұратын полктас жолдасы Жағынар Ақбергенов табылды. Майдангердің айтуынша, олар Мәскеудің түбіндегі Наро-Фоминск қаласында артиллерия дивизиясының үшінші гвардиялық мотоатқыштар полкінде бірге әскери қызмет атқарыпты. Рәшит зеңбіректің нысанашысы болыпты. Қатты бір шайқас кезінде олардың полкі жау қоршауында қалыпты. Полктің туы қауіпті жағдайда қалғанын бірден байқаған Рәшит тосын жағдайда сасқалақтамай, оны сабынан сыпырып алып, беліне ораған күйі жау қоршауынан алып шығыпты. Бұл ерлігі үшін Рәшит Жанғалиев “Қызыл Жұлдыз” орденімен марапатталыпты. Бұл оқиға соғыстың басында, 1941 жылы болған екен.
Қаһарман жерлесіміз одан басқа Отан соғысы орденімен және жауынгерлік медальдармен марапатталыпты.
Өкінішке қарай, Рәшит Жанғалиев көптен күткен Жеңіс күнін көре алмай, нақтырақ айтқанда, 1945 жылдың 27 ақпанында Венгрияның Балатон көлінде, Секешфехервар қаласы маңындағы қанды шайқаста ерлікпен қаза тауыпты.
Сол жылдардағы соғыс шағын ауылымыздың барлық отбасын шарпыды. Екінші топтағы мүгедек әкем Ахмади Мизамбаев шап-шағын ауылдан елу шақты адамның майданға аттанып, солардың 31-і Отан үшін мерт болғанын жиі айтып отыратын. Туған жеріне оралғандар: Төлеп Жарқымбаев – үш жауынгерлік орденнің және алты медальдың иегері, Жұқа Жұмағалиев – екі орденнің және төрт медальдың иегері, Ахмади Мизамбаев, Бекмағамбет Ыбыраев, Оразбай Таутекенов, Кәкім Әлдименов, Әлім Пүштанов, Қапаш Құрманғалиев, Серәлі Сағындықов, Жәменке Тастеміров, Уәйіс Жанұлин, Қоспан Әбілтаев. Ардагерлердің ішінде бірінші топтағы мүгедек, “Қызыл Ту”, “Қызыл Жұлдыз” және Отан соғысы ордендері мен бірнеше медальдардың иегері Кәкім Қазыкенов ерекше орын алатын. Ол соғыстан екі аяқсыз оралды. Оны барлық ауылдастары құрметтейтін.
Қырым МИЗАМБАЕВ.
Шал ақын ауданы,
Бағанаты ауылы.