«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жерлесіміз – кезең жеңімпазы

Солтүстікқазақстандық велошабандоз, “Astana Pro Team” кәсіпқой велокомандасының мүшесі Алексей Луценко Францияда өтіп жатқан атақты “Tour de France” көпкүндігінің 6-кезеңінде жеңімпаз атанды.

Велошабандоздар бұл турда Ле Тей мен Эгуаль қалаларының аралығындағы 191 шақырымды бағындырды. Алексей Луценко жарыс барысында қарсыластарынан алты минутқа озып кеткен болатын. Бірақ мәреге жақындағанда жерлесіміз бен негізгі топтың арасы үш минутқа дейін қысқарды. Әсіресе, Фабио Ару (“UAE Team Emirates”) мен Хесус Эррада (“Cofidis”) ізінен қалмаған. Мәре сызығына он шақырым қалғанда Фабио Арудан қауқар кетіп, қалып қойды. Ал “Cofidis” командасының өкілі соңына дейін күрескенімен, Алексей Луценконы қуып жете алмады.

Жарыс жолын 4.34.32 уақытта еңсерген жерлесіміз кезең үздігі атанды. Хесус Эрада (“Cofidis”) екінші болса, Грег ван Авермат (“ССС Тeam”) үздік үштікті түйіндеді. Осылайша, Алексей “Tour de France” жарысында араға 10 жыл салып, петропавлдық атақты велоспортшы Александр Винокуровтың жетістігін қайталады. Лондон Олимпиадасының чемпионы 2010 жылы өткен велокөпкүндіктің 13-кезеңінде топ жарған болатын.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp