Футболдан бірінші лиганың он бірінші турында жергілікті “Қызыл-Жар СК” құрама командасы өз алаңында Астананың “Бәйтерегін” қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Тартысты ойын барысын футболсүйер қауыммен бірге облыс әкімі Ерік Сұлтанов тамашалады.
Алғашқы минуттардан бастап жерлестеріміз астаналықтардың қақпасын торуылдаумен болды. Есепті ашуға тырысқан “Қызыл-Жар СК” құрамасы өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Бірінші таймның 29 минутында бұрыштан әуелетіп келген допты қорғаушы Бақытжан Ибрагимов нысанаға дөп ұрды. Осылайша бірінші тайм 1:0 есебімен қызылжарлықтардың пайдасына шешілді.
Ойынның екінші бөлімі басталысымен жергілікті аяқдоп шеберлері шабуылдарын үдете түсті. Бұл жолы да Эдуард Глазуновтың тәрбиеленушілерінің еңбегі зая кетпеді. 67 минутта есепті еселей түскен екінші доптың да авторы Бақытжан Ибрагимов болды.
Бұл жеңіс 18 ұпай жинаған “Қызыл-Жар СК” құрамасына турнир кестесінің 5-ші сатысына тұрақтауға мүмкіндік берді. Әзірге 27 ұпайы бар “Каспий” құрама командасы көш бастауда.
Енді жерлестеріміз “Қарасай” стадионындағы кезекті ойынын маусымның 29-ы күні өткізіп, “Мақтаарал” командасымен өткізеді.