«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТПІС ЕКІ ЖЫЛ САҚТАЛҒАН ХАТ

Мен шағын отбасында дүниеге келдім. Қалада араласып тұратын туған-туыстарым аз болғандықтан, ауылдағы әжемнің үйіне жиі барып тұрамын. Әжемнің бір жақсы жері ол отбасына және туыстарына байланысты құнды заттарды мұқият күтіп, сақтайды. Осы заттардың ішінде балалық шағынан қымбат, үй ішіне керекті дүниелер, фотосуреттер, хаттар, құттықтау ашық хаттар, кітаптар бар.

Бірде ауылға барғанда менен әжем осы сақтап жүрген құнды заттарын реттеп, тәртіпке келтіріп беруді өтінді. Оларды шешесі еншіге берген сандықта сақтайтын. Заттарды құндайтыны сондай, менен ұқыптылық танытуды сұрады.  

Біз хаттарды тізімдеп, тәртіпке келтіре бастадық. Барлық хаттар бір жәшікке салынып, орамалға түйіліп қойылыпты. Түйілген орамалды шешкенде, кинофильмдерден ғана көрген жауынгерлердің сонау соғыс жылдары жақын туыстарына жазған үшбұрышты хаттары көзіме бірден түсті. Бұрын мұндай хаттарды қолыма ұстап көрмегендіктен, мен әжемнен: “Бұл хаттар кімнен келген, оларды кім жазған?” – деп қызыға сұрадым.

Әжем көзіне жас алып, біраз үндемей отырды да, хаттың иесі оның ағасы екендігін айтты. Ол қиян-кескі соғыстың қызған шағында әскерге шақырылыпты. Атам ата-анасы мен қарындасына хатты жиі жазғаны жиналған хаттардан көрініп-ақ тұр. Мен қолыма бір хатты алдым. Уақыт өткен сайын оның сыртындағы жазу да ескірген екен. Мен әрең дегенде “Станция Токуши, Российская железная дорога, улица Привокзальная…” деген жазуды оқыдым. Хатты ашып оқи бастадым. Хат: “Менің қымбатты бауырларым” деп басталған екен. Кейбір жерлерін оқу қиын болды. Әрі қарай: “Бүгін айнала тыныштыққа бөленген. Кешегі күні гүрсілдеп бомба жарылғанда жердің асты үстіне шығып жатқандай болды. Дала көк түтін болып, оқ пен оттың иісі мұрынды жарады. Бізге Ржев қаласы үшін шайқасуға тура келді. Онша қашық болмаса да, әрбір қадам үшін қиян-кескі ұрыс болды. Біз қанша жүрексінсек те, алға ұмтылып, жанқиярлықпен күні-түні соғыстық. Айналаға қарасаң, жау өліктері анау жерден де, мынау жерден де көрінеді. Біздің қатарымыз да азайды, бірақ біз берілмейміз. Аяулы қарындасым, Отанымыздың тағдыры осындай қан майдандарда шешіледі. Ертеңгі күніміз жарқын болсын. Қатыгез соғысты келесі ұрпақ көрмесін. Әке-шешемді күт. Бәріне бас-көз бол. Біз әлі кездесерміз. 1943 жыл, қаңтар айы”.

Менің атам соғыстың соңына дейін жетті. Биыл ол 90 жасқа толар еді. Басында мен әжемнің хаттарды ұқыпты ұста деген тілегін түсінбеп едім, енді бұл хаттардың маған да қымбат екенін ұқтым. Мен атам мен әжемнің арқасында отбасымыз бен Отанымыздың тарихын есте сақтау, өткеннің бәрі бүгінгі мен ертеңгі күннің даналығы екенін түсіндім. Мен бұл хатты есімде мәңгі сақтаймын.

Осы ойға беріле отырып, хатты өзіме қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беретін ұстазым Роза Жанғожақызы Нәбиеваға көрсетіп, осыны қазақшаға аударып көрсем, Сіз маған көмектесіп, қатесін түзетер ме едіңіз дегенімде ол менің бұл ұмтылысыма риза болып, өте қуанды. Содан соң хатты аударып, ұстазыма бердім. Осыдан соң ол маған хаттың аудармасын “Солтүстік Қазақстан” газетіне жолдауға ақыл қосты.

Карина ШУМАКОВА,

№23 мектептің 9-сынып оқушысы.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp