
Өз ұлты, жері бола тұра басқа мемлекеттің меншігіне көз алартып, қол сұғу, ішкі саясатына араласу, халқына еркіндік бермеу сияқты келеңсіз әрекеттер қазір де кездесетінін білеміз. Мұндай әдет, басқыншылық саясат – тұтас бір халықтың, мемлекеттің тәртіпсіздігі дер едім. “Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бас иген ел – құл болмайды” деп, қазақтың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай, кез келген мемлекеттің іргесінің берік болуы үшін тәртіп қажет.
Отан – отбасынан басталады. Отбасылық үлгідегі балалар ауылы да шағын мемлекет. Біздің жұмысымыздың негізін тәртіп пен тәрбие құрайды. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйінде жұмыс істеген әр ұстаз тәрбиемен бетпе-бет келеді. Жалпы мектептерде оқитын оқушылардың үйде тәлім-тәрбие беретін ата-анасы бар. Балалар үйіндегі балғындардың ондай мүмкіншілігі жоқ, сондықтан біздің мақсатымыз – тәрбиелеу. Осындай ерекше мекемеде жұмыс істегендіктен, тәрбиешінің жауапкершілігі жоғары. Өйткені, біздің мойынымызда адам тағдыры бар.
Тәуелсіз Қазақстанның әр азаматы мемлекет пен халықтың, отбасы мен достың, қызметтес әріптестердің алдында жауапты екенін сезінуі тиіс. Ең алдымен, баланы жастайынан жауапкершілікке, ұстамдылыққа тәрбиелеуіміз керек. Алайда, біздің мекемедегі тәрбиеленушілердің ата-аналары балаларының алдында өз жауапкершіліктерін сезінбейді. Бізге балалар ата-ана тәрбиесі дегенді білмей, көп дүниеден бейхабар болып келеді.
Біздің тәрбиеленушілеріміздің басқа балалардан ерекшелігі неде? Бұл мекемеде тәрбиеленетін 54 тәрбиеленушінің 10-ы ғана – тұл жетім. Олардың ата-анасы дүниеден озған. Қалған 44 баланың әке-шешесі бар. Бірақ олар ата-ана құқығынан айрылған. Яғни, бұл ата-аналардың өздерінің тәртібі жоқ, бала тәрбиесіне қатыспайды. Балаларға тамақ, киім керегін, басқа қажеттіліктері бар екенін ескермейді. Олар – тек өздерінің құлқын ойлайтын жандар.
Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық ой-түйіндерінде: “…адам баласын, әсіресе, жанын тәрбие қылу керек деп ұғу керек… Ата-ана қатал болса, бала да қатал, ата-ана жұмсақ болса, бала да жұмсақ… Сондықтан баланың маңындағы адам дұрыс мінезді болуы керек… Адамның өзін-өзі тексеруі оның жан тұрмысының өркендеуіне, түзу жолға түсуіне қажетті бірінші шарт…”, – деген сияқты ұлағатты ойлар көптеп кездеседі. Мағжанның осы ұлағаттарын ескерсек, біздің тәрбиешілеріміз – балалардың атасының да, анасының да рөлін атқарып жүргендер.
Осы жерде балалар ауылының шығу тарихына тоқтала кетуді жөн көріп отырмын. Алғашқы балалар ауылын 1949 жылы Австрия жерінде Герман Гмайнер деген ұстаз ашады. Ол соғыстың салдарынан жетім қалған балаларды, жарынан, ұл-қызынан айрылған аналарды бір жерге қосып өмір сүруге бейімдеуді көздеген. Алғашында адамды толғандырарлық, жүрек елжіретерлік мақсатта құрылған балалар ауылы бүгінде өз миссиясын жоғалтып алған сияқты.
Қазіргі таңда үй-жайы және жұмысы бар аналарды “тәрбиеге араласпады, оқушы сабақты көп босатты” деген желеумен комиссияға салып, баланы жетімдер үйіне жіберіп жатқан мектептер бар. Бұлай жалғаса берсе, жетімдер үйіндегі бала саны көбеймесе, азаймайды. Қазір жетімдерге мектепке бармаған, тәрбиеге көнбегендер араласып кеткені өкінішті. Көптеген мемлекеттерде жетімдер үйі жоқ, бізді ол да ойландыруы тиіс.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында: “Біздің топырағымызда туған кез келген сәби – қазақстандық. Және мемлекет оны қамқорлығына алуға тиіс. Мемлекетіміз бен қоғамымыз жетімдерді асырап алуды және отбасы типіндегі балалар үйлері салынуын көтермелеуі қажет”, – деген болатын. Аудандардағы, ауылдық жерлердегі мектеп директорлары Елбасының осы тұжырымын қолдап жұмыс жүргізсе, елдің азаматтары отбасы тәрбиесіне оқушы алса, ондағы мектептердегі бала саны да молаяр еді.
Бүгінде мемлекет тарапынан білім мен тәрбиеге үлкен қолдау көрсетілуде. Қазақстанда тәуелсіздік алған жылдардан бастап жүздеген мектеп, денсаулық сақтау мекемелері және балабақшалар ашылды. Тәуелсіз мемлекетімізде туып-өскен ұл-қыздарға білім алуға, жарқын өмір сүруге, Отанының игілігіне еңбек етуге мүмкіншілік бар. Біздің отбасылық үлгідегі балалар ауылында тәрбиеленушілердің әрқайсысына мемлекет жыл сайын қомақты қаражат бөледі. Ал ата-анасы дүниеден өткен жетімдерге жәрдемақы төлейді, ол баланың жеке есепшотында сақталады.
Бүгінде Үкімет жетім баланы асырап алғандарға жеке айлық еңбекақы төлейді және балғынның тамағына ай сайын қаржы бөледі. Алайда, балалар үйінде тәрбиеленушілер қанша қамқорлыққа бөленсе де, отбасындағыдай болмайды. Сондықтан оларды үлгілі, еңбексүйгіш отбасыларына жіберуге тырысамыз. 2015 жылы – 12, биыл 8 оқушыны Қазақстан азаматтары патронаттық тәрбиеге және қамқоршылыққа алды.
Балалар ауылы ашылғаннан бері алпыс екі оқушы үлкен өмірге жолдама алып, өз орындарын тапты. Бес түлегіміз ұстаздық мамандықты таңдады. Ирина Овчинникова – Тайынша ауданындағы Келлеровка орта мектебінде мұғалім, Кристина Рыжикова М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітіріп, қазір Польшаға білімін жетілдіруге кетті. Владимир Сердцев – Алматы қаласындағы лицейде ұстаз. Ағайынды Атамановтардың Бауыржаны Есіл ауданындағы Тауағаш орта мектебінде информатикадан сабақ берсе, Таңат – Мамлюткада музыка пәнінің мұғалімі. Екі оқушымыз Ольга Кондратьева және Елена Лушникова медициналық академияда, тағы бір қызымыз Санкт-Петербург қаласында оқиды.
Петропавлдағы отбасылық үлгідегі балалар ауылы 2001 жылы ашылған болатын. Содан бергі уақытта тәрбиеленушілеріміз облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатта білім алып келді. 2014 жылдан бастап балаларды қоғамға бейімдеу мақсатында олар қаламыздағы жалпы білім беретін №4 орта мектепте оқып жүр.
“Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын”, – деп Абай атамыз айтқандай, балалардың бос селтеңдеп, уақыт өткізуіне жол бермейміз. Олар өздерінің қызығушылықтары бойынша түрлі үйірмелерге қатысады. Біздің 4, 5 және 6-сыныптарда оқитын қыздарымыз балет-би үйірмесіне барады. Ұлдар “Жеңіс” спорт мектебіндегі бокс секциясына қатысады. Басқа тәрбиеленушілердің де өз қалауы бойынша үйірмелерге қатысуға мүмкіндіктері бар.
Біз отбасылық үлгідегі балалар ауылының қызметкерлері өз тәрбиеміздегі ұл-қыздарымызды: “Панаң болар елің болсын, табан тірер жерің болсын” деп, қазақстандық елжандылыққа баулудамыз. Оларды “Мәңгілік Ел” ұлттық идеясын жүзеге асыратын, Тәуелсіз Қазақстанның адамгершілігі мол, туған жердің қадірін түсінетін, еліміздің дамуына өз үлесін қосатын белсенді азаматтары етіп тәрбиелеуге бар біліміміз бен жігерімізді жұмсап жүрміз.
Арыстан ӘКІМЖАНОВ,
отбасылық үлгідегі
балалар ауылының
директоры.
Петропавл қаласы.