Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті. Шара барысында соңғы 12 айда атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы мақсат-міндеттері талқыланды.
Басқарма басшысы Руслан Есеналин, ең алдымен, облысымыздағы спортты дамыту бағытында атқарылған істерге, негізінен, қол жеткізген жетістіктерге кеңінен тоқталды.
– Бүгінде облысымызда 2816 спорттық нысан жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы олардың қатары жаңа нысандармен толықты. Мысалы, Шал ақын ауданының Жаңажол ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Осындай нысанның тағы біреуі Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылында ашылатын болады. Есіл ауданындағы Заградовка елді мекенінде жабық мұз кешені пайдалануға берілді. Осылайша, екі жылдың ішінде облыс аумағында 8 жабық және 192 ашық хоккей корты пайдалануға берілді, – деді Руслан Бақыттыұлы.
Баяндамашының мәліметінше, өңірлік спорт инфрақұрылымын, материалдық-техникалық базаны нығайту, спорт ғимараттарын кеңейту мен жұртшылықтың дене шынықтыру және спортпен шұғылдануы үшін қажетті жағдай жасау мақсатында нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, өскелең ұрпақ пен аға буын өкілдерінің саламатты өмір салтына деген қызығушылықтарын қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс атқарылуда. Үстіміздегі жылы жергілікті жаттықтырушылар 8 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін және 40 спорт шеберін дайындаған. Ұлттық құрама сапына енген 356 солтүстікқазақстандық саңлақтар үстіміздегі жылы Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиада ойындарына, 12 әлем, 13 Азия, 172 ел біріншілігіне, 51 халықаралық турнирге қатысып, әртүрлі дәрежедегі 540 медальды қанжығаларына байлап қайтқаны туралы да баяндалды.
Алқа отырысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова спорттың дамуына бірінші кезекте сала ардагерлерінің зор үлес қосқандығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, аудандардағы дене шынықтыру және спорт бөлімдері жетекшілерінің жұмысын ширатып, қажетті көмекті көрсету қажеттігін тілге тиек еткен Анархан Қалиқызы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және “Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” жұлдызды 25 күн аясында облысымызда дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін бір топ солтүстікқазақстандыққа облыс әкімінің, Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасын және Алғыс хатын табыстады. Олардың ішінде Александр Новичков, Амангелді Дайыров, Василий Левчук, Нұрлан Әбдірахманов, Ғабит Өтенов, Виктор Потапов, Марат Шақшақбаев, Сағындық Бейсембаев, Виктор Анацко және Антонина Волкова сияқты спорт ардагерлері, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директорлары және жаттықтырушылары бар.
Гір спортынан облыстың аға жаттықтырушысы Андрей Глывяк Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағына ие болса, ал республикалық және халықаралық сайыстарда жеңіс тұғырынан көріне білген Дмитрий Акишинге, Артем Головинге, Мария Наумоваға, Михаил Косиновқа, Александр Парашинге спорт шеберінің куәлігі табысталды.
Жиын соңында 2017 жылы Алматы қаласында өтетін 28-ші бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарына қатысатын солтүстікқазақстандық спортшылардың дайындығы да сөз болды. Бәсі биік сайыста Роман Креч, Федор Андреев, Иван Аржанников, Татьяна Климчук, Светлана Мальцева, Мария Громова (коньки спорты), Ринат Мухин (шаңғы сайысы), Дмитрий Гарагуль (керлинг) облысымыздың және еліміздің намысын қорғайтын болады. Мамандардың айтуынша, өңіріміздің мақтаныштары жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінеді деген сенім бар. Бүгінде бұл спортшылар үлкен сынға қызу дайындалуда.
Анна ПЕНЬКОВА,
облыстық дене шынықтыру
және спорт басқармасының
баспасөз хатшысы.