Үстіміздегі жылдың наурыз айында “Нұр Отан” партиясының бастамасымен “Жемқорлықсыз ел – гүлденген ел” жобасы қолға алынған болатын. Осының аясында оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама жөніндегі білімдерін тексеретін республикалық олимпиада ұйымдастырылған еді. Еліміздің жеті мыңнан астам оқушысы қатысқан олимпиаданың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар анықталды. Топ жарғандардың арасында солтүстікқазақстандық оқушылар да бар. Мәселен, үш оқушы бөліскен бірінші орынның иегерлерінің бірі – Жамбыл ауданындағы №2 Пресновка орта мектебінің 11-сынып оқушысы Жарас Ермағамбетов. Ал Аққайың ауданындағы №2 Смирново орта мектебінің оқушысы Томирис Жұмағұлова, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның №2 Новоишим орта мектебінің оқушысы Антонина Багуева және бірінші жалпы білім беретін лицейдің оқушылары Тимур Жармұқанов пен Богдан Григорьев үшінші орынға лайық деп танылды.
Осы орайда “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында өңір намысын қорғаған жеңімпаздардың қатысуымен салтанатты шара өтті. Онда партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов оқушыларды жеңістерімен құттықтап, бірінші орын алған Жарас Ермағамбетовке мультипад табыс етсе, қалған жеңімпаздар ұялы телефондарға ие болды.
(Өз тілшіміз).