«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІМПАЗ ТУРАЛЫ ФИЛЬМ

Жуырда мәресіне жеткен «Туған жер» патриоттық шығармашылық республикалық фестивалінің жеңімпазы атанған жас әнші Валерия Хан туралы шағын фильм түсірілді.

Ұлттық Дельфий комитеті, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Туған жер» патриоттық шығармашылық республикалық фестивалін өткізген болатын.
Патриоттық фестивальде Қазақстанның түкпір-түкпірінен 14 пен 29 жас аралығындағы жас авторлар бақ сынады. Талантымен жарқырап көзге түскен өнерпаздардың бірі – «Орындаушылық шығармашылық» аталымында жеңімпаз атанған Валерия Хан. Валерия – өз тыңдармандарын жинап үлгерген жас әнші.
«Анам екеуміз пойызбен жолда кетіп бара жатқанымызда, анам телефонынан ән қосты. Мен қосылып ән сала бастадым. Ән салуды осылай бастадым», дейді Валерия Хан.
“Қызымыз республикалық “Туған жер” патриоттық фестиваліне қатысады деп шештік. Валерияның репертуарында бірде-бір патриоттық ән болмағандықтан композитор НартайАлтайға елорда туралы ән жаздырттық”, – дейді Валерияның әкесі Леонид Хан.
Валерияға арнап “Астана” деген ән жазған композитор Нартай Алтай болса, әннің сөзін ақын Олжас Отар жазған көрінеді.
Тағдырдың сынағына ұшыраса да сағы сынбай, өмір сабақтарына қасқайып қарсы тұра білген қаршадай қыз жұбанышын ән әлемінен тапты. Әуезді әнімен тыңдармандарының жүрегіне жол таба білген жас дарынның шеберлігі туралы фильмді Ұлттық Дельфий комитетінің «facebook» және «Youtube» желілеріндегі әлеуметтік парақшаларынан тамашалай аласыздар.
Жобаға қазақстандық авторлар, сондай-ақ, патриоттық тақырыпқа авторлық туындылар орындайтын шығармашылық ұжымдар «Орындаушылық шығармашылық» (вокал, аспапта ойнау, хореография) және «Көркем шығармашылық» (бейнелеу өнері, бейнеконтент, фотосурет) аталымдары бойынша қатысты.
«Әлемдегі эпиджағдайға байланысты фестиваль пішіні өзгергенімен, жоба нәтижесіне көңіліміз толды. Финалистер, одан соң жеңімпаздар анықталды. Қазіргі таңда 10 жас автордың шығармашылығын насихаттау бойынша жұмыс аяқталуға жақын. Жеңімпаз жас авторлар туралы шағын фильмдеріміз жақында көрермендерге жол тартады», – деп атап өтті жоба авторы, Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова.
Халықтың дауыс беруі нәтижесінде 80 финалист айқындалды.
Байқаудың ақтық сынында қазылар алқасы 1,2,3 орын лауреаттарын анықтады, жеңімпаздарға еліміздің Ұлттық Дельфий құрамасы құрамында Қазақстанның атынан қатысу құқығы беріледі.

Ұлттық Дельфий комитетінің баспасөз қызметі.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp