«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН ЖАНКЕШТІ ЕҢБЕК

Соғыс жылдары жоғарының нұсқауын мүлтіксіз орындаған кеңшарлар мен ұжымшарлар майданға азық-түлік өнімдерін үзіліссіз жөнелтіп отырған. 1418 күн мен түнге созылған ауыр кезеңде еліміз бойынша 6 млн. тонна астық, 797 мың тонна ет, 1 млн. 142 мың тонна сүт, 624 мың тонна жүн, 150 мың мініс аты, еңбекшілдердің жеке қаражаты есебінен 2 млн. дана жылы киім, 1600 вагон сыйлық жіберілген. Тары өсірудің шебері Шығанақ Берсиев әр гектардан 202 центнер рекордтық өнім жинаған. Қорғасынның 85 пайызы, мыстың үштен бірі, көмір мен мұнай түгел Қазақстанда өндірілген. Осылайша ел экономикасы соғысқа бағдарланып, тылдағы ауыртпалық негізінен егде адамдардың, әйелдер мен балалардың мойнына түсті. Сол бір қиын- қыстау кезді тыл еңбеккері, Есіл ауданы Ақтас ауылының тумасы Қымбат Кәкімкеліні былай еске алады: «Кеңес жауынгерлерінің жауды ұясында талқандауына бұғанамыз қатпаған біздің буын да өлшеусіз үлес қосты. Белімізді бекем буып, қара жұмыстың қыж-қыж қайнаған ортасында жүрдік. Қанша қиындықты өткерсек те, қыңқ демедік. Тағдыр бізді еркелетіп, басымыздан сипай қойған жоқ. Көктемде өгізбен жер жыртып, дән септік. Күзде астық бастырып, масақ жинадық. Қолымыз күлдіреп тесіліп қалатын. Шешелеріміз түні бойы қолғап, байпақ тоқитын».

Облыстық «Ленин туы» газетінің шаң басқан тігінділерін парақтай отырып, «Ел қорғаудың қуатты қорына» деген тақырыппен жарияланған мақалаға (23 қаңтар 1942 жыл) назарым түсті. Ондағы деректер бойынша Отан соғысы басталғалы қаңтардың 20-на дейін өңір еңбеккерлері қорға 6 млн. 187 мың сомның облигациясын, 12375 грамм күміс және 176 грамм алтын тапсырған. Көкшетау, Булаев, Преснов, Красноармеец аудандары көш бастаған. Ал «Аиртауский колхозник» газеті өзгелерге Сырымбетовтер әулетін үлгі етеді (тамыз, 1943 жыл.) «72 жастағы Есім Сырымбетов Қаратал ауылдық советіне қарасты Қоскөл ұжымшарында тұрады. Жасының ұлғайғанына қарамастан қимылы ширақ, іс-әрекеті әскери адамдардан аумайды, өте тәртіпті. 1942 жылы ұлы Сапар – майданда. Екінші ұлы Әли – колхозшы, 500 ең400 еңбеккүн тапқан. Оның беккүн тапқан. Әйелі Палима көктемгі, күзгі науқандардан босамайды. 12 жастағы Нахавай ағаларынан қалысар емес. Мектепте оқыса да, үнемі көмектесіп жүреді. Бұл әулетте жұмыссыз отырған бірі жоқ. Танк колоннасын жарақтауға бұл отбасыдан Әли – 800, Палима 300 сом аударды».

Қызыл ту аудандық партия комитетінің хатшысы Ж. Мұқашевтың КСРО Қарулы Күштерінің Жоғарғы қолбасшысы, Кеңестер Одағының маршалы Сталинге жазған хат негізінде алынған міндеттемелердің орындалуы туралы пленумда жасаған баяндамасынан үзінді келтірейік: «1943 жылғы 1 майдағы бұйрық бойынша неміс- фашист басқыншыларға қарсы соғыс Қызыл армияға зеңбіректердің, танктердің, самолеттердің, пулеметтердің, автоматтардың, минометтердің, оқ-дәрінің, басқадай соғыс жабдығының, азық-түліктің одан сайын көп берілуін талап етеді. Сондықтан жұмысшылар, колхозшылар, бүкіл совет интеллегенциясы майдан үшін екі есе жігермен жұмыс істеуі керек. Тылдағы барлық адамдарымыз және барлық мекемелеріміз жақсы сағат механизіміндей тәртіппен, ұйымшылдықпен мүлтіксіз еңбек етуі тиіс деген тарихи шақыру одан сайын жігерлендіреді. Одан рухтанған Қазақстан колхозшылары көмекті бұрынғыдан да жақсарту мақсатымен Сталин жолдасқа хат жазып, ол 6773 колхозда талқыланды, 1 млн.-дай адам қол қойды. Оның ішінде біздің Қызылту ауданының 52 колхозынан 418 колхозшы бар».

Облыстық еңбекшілдер депутаттарының кеңесі 1944 жылы 10 наурызда Қарағанды көмір бассейніне шефтік көмек көрсету жөнінде бастама көтеріп, Көкшетау, Келлеров, Чкалов аудандарынан 2 тонна ет, 5 тонна картоп, 2 тонна капуста жинауға пәрмен берген. Жемшөп дайындау науқанына 2350 адам тартылған.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жерлестеріміз жаумен қасық қаны қалғанша арпалысса, ауылдардағы мылтықсыз майдан ерлері еңбек көрігін қыздырып жатты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp