«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІСТІ ЖОЛ

Осыдан дәл 45 жыл бұрын, яғни 1975 жылдың 11-14 қыркүйегі күндері Беларусьтің бас шаһары – Минскіде күрес түрлерінен әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Классикалық күрестен өткен додада Қазақстанның үш бірдей өрені өнер көрсетіп, барлығы да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Осылайша, отандық күрес мектебінің түлектері орасан зор нәтижеге қол жеткізді.

Минскіде 90 килограмм сал­мақ­та өнер көрсеткен Валерий Ре­занцевтің қарқынына ешкім шы­да­мады. Вадим Псаревтай май­талман маманның қарамағында жаттыққан 29 жастағы алматы­лық барлық қарсыластарын тас-талқан етіп, финалда әлем чем­пионатының екі дүркін күміс және қола жүлдегері, Еуропа чемпио­ны Стоян Николовты сан соқтыр­ды. Сөйтіп, ол қатарынан бесінші рет төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылды. Бұл – рекордтық көр­сеткіш! Оған дейін отандасы­мыз Эдмонтонда (1970 ж.), Со­фияда (1971 ж.), Тегеранда (1973 ж.) және Катовицеде (1975 ж.) қар­сылас шақ келтірмеген болатын. Сол жарыстардың үшеуінде ол жо­ғарыда есімі аталған болгария­лық балуаннан басым түсті. Ва­ле­рий Резанцевтің рекордын ұзақ уа­қытқа дейін ешкім бұза алма­ды. Тек арада 20 жыл өткеннен кейін ғана осы нәтижені ресейлік Александр Карелин жаңартты. “Орыс аюы” атанған апайтөс 1995 жылы әлем чемпионатында өзінің алтыншы алтын медалін олжалады.

82 килограмм салмақ дәреже­сінде белдескен Анатолий Наза­ренко үшінші рет әлем чемпионы атанды. Ол да Вадим Псаревтің шәкірті. Алматының төл тумасы Эдмонтон мен Катовицеде топ жар­са, Софияда күміспен күптел­ді. Минскіде 26 жастағы Анатолий алдына жан салмады. Қазақстан­дық спортшы ақтық айқаста ру­мыниялық Йон Енакені еңсерді. Жалпы, Анатолий Назаренконың жоғарыдағы табыстарынан бө­лек, Мюнхен Олимпиадасының кү­міс жүлдегері және Еуропаның екі дүркін чемпионы деген атақта­ры тағы бар.

22 жастағы Анатолий Быков­тың да 74 килограмм салмақта бақ жұлдызы жарқырай жанды. Білікті бапкер Виктор Ермаковтан тәлім-тәрбие алған ол сол жылы ғана Алматыда өткен КСРО чем­пионатында бас жүлде олжалап, дүниежүзілік додада өнер көрсе­ту мүмкіндігін алғанды. Жер-жа­һанның мықтылары жиналған жарыста жас жігіт ел сенімін ақта­ды. Беларусьтің астанасында бар­лық бәсекелесінен басым түскен Анатолий алтын тұғырдан қол бұл­ғады. Финалда ол болгария­лық Янко Шоповты шаң қаптыр­ды. Анатолий Быковтың одан ке­йін­гі жүріп өткен жолы да жарқын жеңістерге толы болды. Отанда­сы­мыз 1976 жылы Монреаль Олим­пиадасында алтын медаль­ға ие болса, 1980 жылы Мәскеуде күміске қол созды. Ал 1978 жылғы Софиядағы әлем біріншілігін екін­ші орынмен қорытындылады.

Қазақстан спортының даңқын асқақтатқан айтулы балуандар­дың барлығы да қазіргі кезде жы­рақта өмір сүріп жатыр. Атап айт­сақ, 73 жастағы Валерий Резан­цев Ресейде, 71 жастағы Анато­лий Назаренко АҚШ-та, ал 67 жастағы Анатолий Быков Канада­да ғұмыр кешуде.

Минскіде жалауы желбірген жа­рыста классикалық күрестен 10 сал­мақ дәрежесі бойынша бел­де­су­лер өткен болатын. Соның сегізінде КСРО құрама команда­сы­ның мүшелері бас жүлдені ол­жалады. Жоғарыда есімдері атал­­ған балуандардан бөлек, но­во­сі­бірлік Владимир Зубков (48 кг.), ульяновскілік Виталий Конс­тантинов (52 кг.), нижнийновго­родтық Фаргат Мұстафин (57 кг.), әзірбайжандық Нельсон Давидян (62 кг.) және тулалық Шәміл Хи­самутдинов (68 кг.) сынды саң­лақтар алдарына жан салмады.

Қазақстан жерінде тәрбие­ле­ніп, мол тәжірибе жинаған бал­уан­дар еліміздің атын одақтық, әлемдік және олимпиадалық жа­рыстарда талай рет аспанға шы­ғар­ған еді. Алайда, сол Василий Бакулин, Валерий Резанцев, Ана­толий Назаренко, Анатолий Бы­ков, Жақсылық Үшкемпіров, Юрий Мельниченко, Шәміл Сері­ков, Дәулет Тұрлыханов секілді даңқты балуандар қалыптас­тыр­ған күрес мектебінен 20 жылдан бері әлем чемпионатында атой салатын бір балуанның шықпауы көңілге кірбің түсіреді.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp