«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ КҮЗДЕ АЯҚТАЛАДЫ

Бүгіндері облыс орталығындағы М. Жұмабаев көшесінде де жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Чкалов және Ғ. Мүсірепов көшелерінің аралығы қосылса, қала бойынша жол қозғалысы едәуір жеңілдейтіні сөзсіз. Оған дайындық жұмыстары 2013 жылдың қазан айынан бастап қолға алынған. Тындырылған жұмыстар аз емес. Сол аумақта орналасқан жеке меншік сектордағы тұрғын үйлер, оған қоса қора-қопсылар бұзылып, гараждар орнынан алынған. Құрылыс материалдары сыртқа шығарылған.

Бұл аумақ сазды, батпақты болғандықтан салынуға тиіс жол бойының қабаты 1 метрге дейін қазылып, оның орнына Березовка ауылы маңындағы ашық кеніштен жер тасылып, төселген. Осы кезде қосалқы мердігер “Ливкоз-Север” ЖШС-і жерасты кәріздерінің құдықтарын орнатса, “Қазақтелеком” АҚ-ы байланыс желісін тартып, аталған жұмыстар қат-қабат жүргізілген.

Ауа райының қолайлы кезінде жүргізілетін жұмыс үстіміздегі жылдың мамыр айының ортасынан бастап тағы да қызу атқарылуда.

– Жұмысқа 25-30 адам жұмылдырылған. Қазір 3 грейдер, 5 жол тегістейтін каток, 2 жүк тиегіш және 1 бульдозер жұмыс істеп жатыр. Жолға қажетті қиыршық тас та қажетінше жеткізіліп, үйіліп тасталды, – дейді “СУ-808” ЖШС-нің мастері Виктор Ярощук.

Бұл жолдың қаланың басқа көшелеріндегімен салыстырғанда біршама өзгешелігі бар. Ал Уәлиханов көшесімен жалғасатындықтан соның үлгісімен салынуда. Мәселен, жолдың автокөлік құралдары жүретін бөлігінің жалпақтығы – 14 метр. Оған жанамалай 3,5 метрлік жасыл аймақ тартылады, сондай-ақ, ені 1,5 метрлік тротуар төселеді.

Сондай-ақ, М. Жұмабаев және Чкалов көшелерінде көлік жолайырығы салынады. Осынау маңызды саналатын жол құрылысын оны жүргізушілер күзге таман аяқтауды көздеп отыр.

Қошан ҚАЛИ.

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp