Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық (түзету) мектеп-интернатында мектепке дейінгі балғындар үшін арнайы жабдықталған коррекциялық ырғақ кабинеті ашылды. Бұл кабинетті ашу сурдопедагог мамандардың көптен бергі арманы еді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында кішкентай бүлдіршіндердің тағдырына бейжай қарамайтын қайырымды жандардың арқасында сол арман іске асты.
Коррекциялық ырғақ кабинетінің ашылуы мен жабдықталуына “Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” атты жұлдызды 25 күн акциясы аясында “Құрылыс кешен” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Орал Ибраев пен оның орынбасары Ербол Мұхамеджанов, “Шилковникова” ЖК-нің директоры Ольга Шилковникова, “Фирма Алекри” ЖШС-нің директоры Евгений Шевелев пен “Гедеон” дүкенінің директоры Лариса Вильгельм қаржылай көмек көрсетті.
– Қайырымды жандардың көмегімен жабдықталған кабинетте өтетін музыкалық-ырғақ сабақтарында педагог балаларды қол, аяқ, дене мүшелерінің қозғалысын дыбыстар, буындар, сөздер мен сөз тіркестерін айта отырып үйлестіруге үйретеді. Естуінде кемістігі бар кішкентай баланың қозғалыс мүмкіндігі мен дыбыстарды айтуға талпынысы біртіндеп және дәлдікпен дамиды. Бұл жағдайда бала қозғалысы оның сөйлеу мүмкіндігін арттыра түседі, – дейді сурдопедагог Наталья Пургина.
Арнайы мамандандырылған мектептің басты мақсаты ерекше білім беру қажеттілігі бар балаға көмектесу, оның қоғамға бейімделуіне мүмкіндік жасап, аурудың салдарын барынша оңтайландыру болып табылады. Есту кемістігі бар баланы тыңдауға және сөйлеуге үйрету – сурдопедагогтің басты міндеті. Оның жұмысы коррекциялық ырғақ сабақтарынан басталады. Осы мүмкіндікті жасап берген демеушілермен сурдопедагог Алма Араспаева тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеді.
Балғындар енді жарық, жайлы, барлық мүмкіндіктер жасалған кабинетте білім алып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізетін болады.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.