«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖЫЛУ” ЖИНАУДЫ ҚАШАН ҚОЯМЫЗ?

Жақында Интернеттен көзім шалып қалды, бір мұғалім қытай тауары деп ата-аналар ұсынған сыйлықтан бас тартыпты. Осы жай мені ойға қалдырды. Бұл ата-аналарды “жүгендеп алудың” нағыз өзі ғой. “Берсең де аламын, бермесең де аламын” дегеннің әрекеті. Кәдімгі өктемдік. Ал енді осыған қалай жеттік? Ата-аналардан анаған-мынаған ақша жинау неге тыйылмай отыр?

Мұндай үрдіс мереке қарсаңында белең алады. Мәселен, күзде Ұстаздар күні аталып өтті. Дұрыс, мұғалімдерді құрметтеп, сыйлап, оларға қошемет көрсету керек. Себебі, барлығымыз балабақшадағы тәрбиешіден, мектептегі ұстаздан тәлім-тәрбие алып, білім бұлағынан сусындап, өмірге аяқ бастық. Сол үшін де әр адамға өзінің алғашқы тәрбиешісі, ұстазы анасынан кейінгі жақын адам болып көрінеді. Сыйластық керек, бірақ бұл жерде осындай “сылтауды” пайдаланып, ақша жинаудың қажеті жоқ сияқты. Өзіңіз ойлаңыз, балабақшада бір топта кем дегенде 15-20 балдырған тәрбиеленеді. Солардың әрқайсысы үшін ата-аналары 500 теңгеден берсе, нәтижесінде 7-10 мың теңге жиналады. Бұл – бір топтан ғана түсетін қаражат, ал кейбір балабақшада 10-12 топқа дейін болатыны бәрімізге мәлім. Сонда санап отырсақ, жиналатын ақша 100 мың теңгеге дейін жетіп қалады. Бұл ақша тәрбиешілерге деген сыйлыққа кетеді. Сыйлықтың қандай болары балабақшаға, тәрбиешіге және ата-аналардың белсенділігіне байланысты. Кейбір ата-аналар, тіпті, жиналған “жылу” жетпей қалса, өз қалталарынан тағы да қосып, әйтеуір, тәуір дүние алғанды жөн деп санайды. Сондықтан да бұл науқанға жанын салып қатысады. Бұл үлкен қателік сияқты. Себебі, ата-аналардан ақша жинаудың өзі заңға қайшы. Бір қызығы, балабақша қызметкерлеріне осы жайында айта бастасаң: “Біздің қатысымыз жоқ, ата-аналар өздері сондай шешімге келді”, – деп маңайларына шаң жуытпайды. Ол да дұрыс. Сонда бұл жоқ дүниені бар қылып, оны жандандырып жүрген ата-аналардың өздері екен ғой. Мұндай жазылмаған заңдылық мектептерде де бар. Оларды ешкім жазып, ата-анаға міндеттеп, жүктеп қойған жоқ. Бірақ бір ғана балабақшадан жүз мыңдаған теңге ақша жиналса, мектептен түсетін қаржы қанша екенін айтып жатудың өзі артық сияқты. Бұл жерде де барлығы сол ескі сценарий бойынша жүреді. Мұғалімдер ештеңе білмейді, ал ата-аналар болса сыйлыққа ақшаны өз еріктерімен жинайды. Міне, бар болғаны осы ғана. Әрине, қалталы адамдар үшін 500 теңге бір тиын сияқты болып көрінер. Бірақ шиеттей бала-шағаң болса, өзің жалдамалы пәтерде тұрсаң, ата-ананың біреуі ғана жұмыс істесе, отбасында әр теңгенің өзі санаулы болмай ма? Осындай жағдайда не істейсің? Балаң үшін 500 теңгені бере алмасаң, басқалардан бір саты төмендеп қалғандай сезімге бөленесің. Және басқа ата-аналардың саған деген көзқарасы да өзгеріп шыға келеді. Сол жағы да мазалап, жүйкені жұқартады. Нәтижесінде бұлқынсаң да бағынасың. Себебі, толқынға қарсы жүзу ерлікпен тең. Ал жалғыз батыр болып, осы жүйеге қарсы шығатын жүрек жұтқандарды табу бүгінгі таңда өте қиын. Және сені түсініп, қолдай қоятындардың да табылуы екіталай.  

Міне, осылай айналып келгенде барлығы ата-аналардың қолымен жасалып отырған дүние болып шығады. Бірақ бұл бір ғана мерекемен шектелсе, қоғамда ата-аналардың ақша жинауы жайында екі түрлі пікір туындамас еді. Мәселенің мәнісі де осында болып тұр. Яғни, балабақша табалдырығынан бастау алған бұл үрдіс кейін ақырындап, “дамып, өркендей” түседі. Күннің бір күнінде бала өсіп, мектепке барғанда тағы да осындай ақша жинау әлегі басталады. Сөйтіп, бала өскен сайын ата-ананың қалтасына түсетін салмақ та көбеймесе, азаймайды. Сонда қалай болғаны? Жүрек қалауымен осы жолды таңдап алған тәрбиеші, ұстаздарға балалардың алғысын ақша жинап, әперген сыйлықпен өлшегеніміз бе? Ізденген, ойланған адамға құрмет, қошеметті көрсетудің басқа да жолдары табылады. Мәселен, кішкентай бала өз тәрбиешісіне сурет салып сыйласа, қандай жарасып тұр. Біріншіден, бала еңбекке үйренеді, өнерге де қызығушылығы артады. Құттықтаулар, ән айтып, би билеу, дастарқан басында емен-жарқын әңгіме айтып, дәмді шай ішу сияқты мерекелік концерттермен шектелсе де, артық болмас еді. Сонда ата-ана да, тәрбиеші, ұстаздар да көңіл көтеріп, рухани демалып қалады. Ең бастысы, мұның барлығы баланың қатысуымен өтеді.

Әрине, әрбір ата-ананың тәрбиеші, ұстазға ерекше сый-сияпат жасағысы келсе, өз еркі. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ бұл жерде көптің қолымен от көсеудің қажеті қанша? Баға аспанға шарықтап, күн сайын өсіп тұрған мына заманда біреуде бар болса, екіншіде жетпей жатады. Сол жағын да ойлау керек сияқты. Орайы келгенде осы тақырып төңірегінде кейбір ата-аналардың ой-пікірін тыңдап көруді жөн санадық.

Айдана Ешкенбаева,

33 жаста:

– Ұстаз, тәрбиешілерге сыйлық жасау дегенді ата-аналар өздері шығарып алған ғой. Оған ешкім міндетті емес. Себебі, барлығымыз да жұмыс істейміз, сол үшін мемлекет ай сайын еңбекақы төлейді емес пе? Ата-ананың қалтасын қағып, сыйлық алумен ешкімнің мерейін өсірмейміз. Ақша жинауды тұсау үшін мекемелерге сенім телефонын қойса, жақсы болар еді деп ойлаймын.

Қарашаш Қожа,

45 жаста:

– Біреуде бір бала болса, енді басқа отбасында мектепке, балабақшаға баратындар саны 3-4 болуы мүмкін ғой. Сонда оларға кемінде 1500-2000 теңге керек. Ал ата-ананың беретіні болмаса, не істейді? Кейде үйде ұрыс-керіс осындай ұсақ-түйек мәселеден басталады. Ал оның барлығы бала тәрбиесіне теріс әсер тигізеді. Меніңше, мұндай жазылмаған заңдылықтың тамырына балта шаппаса болмайды. Тіпті, балабақша, мектептердің ішіне “Заңсыз ақша жинауға жол жоқ!” деп жазып қойса, артық болмас еді. Мүмкін, күнде оқысақ, санамызға сіңер.

Айнаш Қойшыбай,

55 жаста:

– Бұл жұмыстың барлығы ата-аналардың ортақ шешімінен бастау алады. Сондықтан да келіспейтіндер болса, өз еркі. Сыйлық сыйлауда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Осындай жолмен ата-аналар баласына бас-көз болып жүрген жандарға өзінің кішкентай болсын құрмет-қошеметін білдіргісі келеді. Одан ешкім ұтып, ешкім ұтылып жатқан жоқ. Тек ата-аналар мен тәрбиешілер, ұстаздар арасындағы байланыс нығая түседі. Қоғамға керегі де сол емес пе? Өйткені, олардың барлығы бір бағытта еңбектеніп жүр. Ол – бала тәрбиесі.

Иә, дұрыс, барлығымыз бала тәрбиесіне жауаптымыз. Бірақ осы жерде сөзіміз бен ісіміз үйлеспейтін сияқты. Қошемет көрсетеміз деп жүріп, ата-ананың қалтасын қағатын оңай жол тауып алған сияқтымыз ба, қалай? Бір қызығы, осының барлығын істеп алған ата-аналардың өздері. Және одан қиналып жүргендер де өздері. Өйткені, баламыз балабақшамен қоштасса, тәрбиешінің құлағына алтын сырға саламыз, мектеп тамамдаса, сынып жетекшісінің қолына алтын сағат саламыз. Міне, осылай жалғаса берсе, мұның аяғы не болмақ? Бүгінгі кішкентай сыйлық беруден бастаған үрдісіміз тамырын тереңге жайып, жылдар өте келе санамызда мүлдем орнығып алса, не істейміз? Ондай әдеттен қалай және қашан құтыламыз? Безектеп ақша жинап жүрген ата-аналар бір мезгіл осы жағын да ойласа артық болмас еді.

Қазір ата-аналардың өздері екі топқа бөлініп кеткен сияқты. Осы тақырып қозғала қалса болғаны, біреулері “Иә” десе, екіншілері “Жоқ “ деп жауап береді. Ал нәтижесінде тәрбиеші, ұстаздардың адал еңбегіне көлеңке түсіп тұрғандай. Осындай олқылықтардың алдын алып, болашақта мұндай әлегі көп жаман әдеттен біржола құтылу үшін ата-аналардың өздері бірінші болып бұл мәселенің соңғы нүктесін қоюлары керек сияқты. Қайткен күнде де “жылу” жинаудың соңы жақсылыққа әкелмесі айдан анық.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Коллажды жасаған

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp