«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖОСПАРҒА САЙ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов №2 ЖЭО-ның алдағы жылыту маусымына дайындығы барысымен және компанияның жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырудағы жұмыстарымен танысты.

Бүгінде жылу-электр орталығында 2 қазандық және 1 турбина жөнделіп, тағы да 2 қазандық жоспарға сай ағымдағы жөндеуден өтуде. Орталық директоры Виктор Бармин өңір басшысы Ерік Сұлтановты компанияның инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру барысымен таныстырып, станцияның алдағы жылыту маусымына дайындығы жайында ақпарат берді. “Бірінші машина 1 шілдеге дейін жөнделіп, 3-ші машина күрделі жөндеуден өткізіледі. Ал 1 шілдеден бастап түтін мұржасын жаңарту жұмыстары қолға алынбақ”,– дей келіп, Виктор Бармин жөндеу жұмыстары 220 мВт жүктемені еңсеруге кедергі келтірмейтінін айтты. Бүгінде орталықта қызметкерлер де, көмір де жеткілікті.

Орталықты аралап шыққан Ерік Сұлтанов №2 ЖЭО жұмысын үйлестіруге жаңадан тағайындалған орынбасары Владимир Бубенконың жауапты болатынын айтты.  

– Жылу-электр орталығындағы жұмыс жоспарға сай атқарылуда. Ауқымды инвестициялық бағдарлама да сәтті жүзеге асуда. Өңірді жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ету тұрақты. Алдағы уақытта ешқандай проблемалар болмайды деп ойлаймын. Бұл ретте жұмысты үйлестіруші инвесторлардың да, сала қызметкерлерінің де еңбегі зор, – деді өңір басшысы.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp