Облыстық тарихи-өлкетану музейінде 1852 жылы Жылғара Байтоқинге берілген Ресей империясының әулетті дворянин атағын тағайындау туралы І Николайдың грамотасының түнпұсқасы сақталған. Грамота бірнеше парақтан тұрады, кей абзацтары алтынмен жазылған. Ол заманда мұндай жоғары сый әсіресе мұсылмандарға өте сирек және ерекше жетістіктері үшін ғана берілген.
1967 жылы ұрпағы отбасылық жәдігер – құнды құжатты, сондай- ақ, Жылғараға берілген І Александрдың «Ынта-жігері үшін» алтын медалін (бұл медаль білім беру жүйесіне, жетімдер мен көмекке мұқтаждарға қамқорлық жасағандарға беріледі), Георгий алтын медалін, мөр-сақинасын, қылышы мен күміспен күптелген екі белбеуін музейге әкеліп тапсырады.
Тарихшылардың айтуынша, солтүстік өңірде дворяндық атағын алған адам үшеу болса, соның бірі – Жылғара Байтоқин. Ол кезде дворян атағын алғандарға пайдалануға жер беріледі, балалары да дворяндықтың игілігін пайдаланады.
–Жылғара ағартушылық қызметпен де айналысты, бірнеше мектеп ашқан. Ауыл шаруашылығына жаңа техника, механизацияны, жаңа үлгідегі шаруашылық түрін енгізді, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері, өлкетанушы Дәстен Баймұқанов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».