Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасы бойынша “Жыл волонтері” халықаралық сыйлығы тағайындалды. Волонтер жылы аясында “Жыл волонтері” халықаралық сыйлығын тағайындауға арналған конкурс өтеді.
Байқауға үміткерлер әлемнің түкпір-түкпірінен қатыса алады. Ол үшін qazvolunteer.kz интернет-платформасында өтінім беріп, волонтерлік қызметі туралы деректерді толтыру қажет.
“Өтінімдерді қабылдау 2020 жылғы 26 қазан сағат 09.00-ден басталады және 2020 жылғы 15 қараша сағат 09.00-ге дейін жалғасады. Байқау екі кезеңде өтеді: бірінші – qazvolunteer.kz интернет-платформасында ашық онлайн-дауыс беру, екінші – ең көп дауыс жинаған және екінші кезеңге өткен қатысушыларды конкурстық комиссия бағалайды”, – делінген хабарламада.
Нәтижесінде келесі аталымдардың әрқайсысы бойынша үш үміткер жеңімпаз болып танылады:
– Үздік волонтерлік ұйым
– Корпоративтік волонтерлік көшбасшысы
– Коронавирустық инфекциямен күреске қатысқаны үшін
– Тұрақты даму мақсаттарының көшбасшылары
– Үздік әлеуметтік көмекші
– Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін
– Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге белсенді қатысқаны үшін
– Құқық бұзушылық құрбандарына көмек көрсетуге белсенді қатысқаны үшін
– Денсаулық сақтауды дамытуға белсенді қатысқаны үшін
– Салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін
– Білімді дәріптеуге қосқан үлесі үшін
– Қоршаған ортаны сақтауға және қорғауға қосқан үлесі үшін
– Бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін
– Тарихи-мәдени мұраны сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін
– Зоологиялық қорғау мәселелерін шешуге қосқан үлесі үшін
– Әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін.
“Жыл волонтері” халықаралық сыйлығын беру қағидалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет-ресурстарында орналастырылған.
Айта кетейік, халықаралық сыйлық әлеуметтік және қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге үлес қосқан волонтерлер мен волонтерлер тобын, отандық және халықаралық волонтерлік ұйымдарды көтермелеуге бағытталған.
https://egemen.kz