«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ЖЫЛ САЙЫН СУ БАСАТЫН ЖЕРДЕ ТҰРУ МҮМКІН ЕМЕС»

Марат Ысқақов – Петропавл қалалық мәслихатының №1 сайлау округі бо­йынша депутаты, бюджет, қаржы, экономи­ка салаларын дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты депутаттық комиссиясының төраға­сы. Облыстық кәсіпкерлер палатасы төраға­сының орынбасары, «AMANAT» партиясы­ның мүшесі.

Не үшін депутат болдым?

Мен кәсіпкерлікті қолдау саласында көп жыл еңбек еттім. Осы бағыттағы салалық басқарманың басшысы бол­дым. Қазір облыстық кәсіп­керлер палатасында қызмет атқарып жүрмін. Мұнда еңбек етіп жүргеніме он жылға жуықтады. Бір сөзбен айтқан­да, бизнес саласы өкілдерін толғандыратын мәселелерді жақсы білемін. Осы мәселе­лерді шешуге өз үлесімді қосу үшін қалалық мәслихат депу­таты болуға шешім қабылда­дым. Дәл қалалық мәслихат­ты таңдауымның да өзіндік себебі бар. Аудандармен са­лыстырғанда ең көп инвести­ция Петропавл қаласына тиесілі. Инвестиция тарту та­лап етіліп, бюджеттің мақсат­ты жұмсалуын қадағалау – қа­лалық мәслихаттың құзырына жататын іс.

Сайлаушыларға қандай уәде бердім?

Маған қарасты №1 сайлау округінің аумағына Былғары зауыты, Ойқала шағынаудан­дары мен Заречный кентінің бір бөлігі кіреді. Сайлауалды үгіт-насихат кезінде тұрғын­дармен кездесіп, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы бойынша туындаған мәселе­лерді шешуге, денсаулық сақ­тау, жол жағдайы, аумақты абаттандыру мәселелеріне на­зар аударатынымды айттым. Мен бір жылдары ағынды су кәріздерін тазарту құрылғы­лары саласында жұмыс іс­тедім. Ал Ойқала мен Былғары зауыты шағынаудандарында жолдың жоқтығынан бөлек, ағынды су кәріздері проблема­сы жиі көтеріледі. Мен тұр­ғындармен кездескен кезде оларды толғандырған мәселе­лерге басымдық беріп, оларды шешуге атсалысатынымды айттым.

Қызметіме байланысты көп адамдармен жүздесемін. Яғни тұрғындарды қандай мә­селе толғандырса да, олармен тікелей жұмыс істеуден бас тартпаймын. Өткен жылы көктемгі су тасқыны болғаны белгілі. Мен зардап шеккен­дерге тұрғын үй бөлу үшін құ­рылған комиссияның мүшесі болдым. Комиссия құрамында отырып менің сайлау округіме қарайтын шағынаудан тұр­ғындарын толғандырып жүр­ген мәселелермен жете та­ныстым. Қарғын судың зарда­бын тартқан тұрғындар менің комиссия мүшесі ғана емес, өздері сайлаған депутат ретін­де де қабылдауыма келіп, бар­шасымен жеке кездесулер өткіздім.

Жалпы қазір тұрғындарды толғандыратын негізгі мәселе – жолдың сапасы және абат­тандыру. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қа­ласындағы жолдардың барлы­ғына асфальт төселетінін айт­ты. Әрине, тасқын судан кейін әлі көп мәселе шешімін тап­қан жоқ. Депутат ретінде тұр­ғындардың өтініш-тілек­терінің орындалуына барын­ша қолғабыс етіп жүрмін.

Жиі көтерілетін абаттан­дыру, инфрақұрылымға қа­тысты мәселелер тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандарына айтылды, қала әкімінің орынбасары барлық жағдайдан хабардар. Мәселен, тұрғындар орталық жылу және сумен қамту жү­йесіне қосылғанды қалайды. Дегенмен бұл ауқымды жұмыс және мол қаражатты қажет етеді. Сондықтан жақын арада шешіле қоймасы анық.

Қай уәдемді орындадым?

Жұмыс барысында сайлау­шыларды толғандыратын мә­селелер шешімін тауып жата­ды. Былғары зауыты шағынау­даны тұрғындары фельдшерлік пункт ашуды сұрады. Себебі оларға қалаға жету қиын. Қазіргі таңда Былғары зауыты шағынауданында фельдшерлік пункт жұмыс істеп тұр. Аталған аудан тұрғындарының емін- еркін жүріп-тұруына логистика мәселесі кедергі болып отыр. Осы ретте көп жылдан бері шешілмей келе жатқан автобус жайын айтпасқа болмас. Депу­тат болған күннен бері Былға­ры зауыты, Ойқала шағынау­дандарын басып өтіп, «Жас өркен» жаққа баратын автобус бағытын ұйымдастыру мәсе­лесін көтеріп жүрмін. Егер осындай қоғамдық көлік бағы­ты іске қосылса, Былғары зауыты шағынауданындағы ба­лалардың Оқушылар сарайы­на, А.Винокуров атындағы спорт сарайына жетуі жеңілдер еді. Өкінішке қарай, бұл мәселе әлі басы ашық күйінде тұр. Се­бебі қоғамдық көлік иелерімен бұл мәселені шешуде ортақ келісімге келе алмай жүрмін. Мәселенің мәнін Петропавл қалалық мәслихатының әр сес­сиясында айтып келемін. Қала әкімі қоғамдық көліктердің бағытын қайта қарауға уәде берді. Күн тәртібінде тұрған бұл мәселе шешімін тапқанға дейін талқылана береді.

Ойқала шағынауданында да фельдшерлік пункт ашу мә­селесі көтерілген еді. Қазір онда жекеменшік компания емхана ашты. Қазіргі таңда қа­былдау сонда жүріп жатыр. Ал бұрынғы кинотеатрдың ғима­ратында фельдшерлік пункт жұмыс істеп тұр.

Халық маған сене ме?

Мен өзіме қарасты шағынаудандардың «WhatsApp»-тағы чатында бармын. Бұл – жергілікті тұрғындарды қандай мәселелер толғандыратынын және шұғыл мәселелерді дереу шешу үшін аса тиімді байланыс құралы. Жоғарыда менің сай­лау округіме Заречный шағы­науданының бір бөлігі қарай­тынын айттым. Бірақ бұл аудан тұрғындарымен кездескенде мекенжай бойынша емес, кел­гендердің барлығының өтініш- тілегін тыңдаймын. Себебі олар көтеретін мәселе бәріне ортақ. Қазіргі таңда аудан тұр­ғындарын қауіпсіз жерге бір­жола көшіру жайы толғанды­рады. Халықтың ішкі уайымда­ры да осымен байланысты. Көп жылдан бері жер үйде тұ­рып, өз шаруашылығын ұста­ған адамдарды «Қайда көші­реді?» және «Қандай баспана беріледі?» деген сауал мазалай­ды. Өз өтініштерінің ескеріл­генін қалайтын тұрғындар жыл сайын су басатын жерде өмір сүру мүмкін емес екенін түсі­неді. Бұл халыққа да, билікке де шаш етектен шығын әке­леді. Өткен жылы мемлекет су басқан аудандардың тұрғында­рына жан-жақты қолдау көр­сетті. Оны осы жұмыстың бел ортасында жүрген біз ғана емес, бүкіл республика тұрғын­дары көрді, естіді. Мұндай жағ­дай қайталанбауы үшін нақты шешім қажет. Жергілікті билік тиімді жол ұсынып отыр. Осы ретте тұрғындар да бұл мәселе­ге жауапкершілікпен қарауы керек деп ойлаймын.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp