Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка ауылынан оңтүстік-батысқа қарай елу бес шақырымдай жерде 1954 жылы шаңырақ көтерген осы атаулы елді мекен бар. Ол 1954 жылғы 14 сәуірде тың және тыңайған жерлерді игерумен байланысты құрылған ұжымшар болатын. Аталған жылдың қарашасында бұл ауыл кеңшар мәртебесін алып, үлкен ауыл шаруашылығы өндірісінің өзегіне айналды.
“Жамбыл” кеңшарына төрт бөлімше қарады. Сол уақыттарда онда 12 мыңнан аса ір қара мал, 18 мыңнан астам қой, 2 мың бастан асатын жылқы өрді.
Биыл ауылдың қазық қаққанына – 60 жыл. Уақыт озса да, адам жады тозбайды. Ауылда сол күндердің куәсі болған көнекөздер, солармен бірге, орта буын азаматтар және жастар тірлік кешуде. Ауылдың туған күнін тойлауға, әсіресе, орта буынға таяп қалған тұрғындары бастамашы болып, жергілікті білім ордасынан 1985 жылы қанаттанып ұшқан түлектер биылғы көктемде тойға дайындыққа кіріскен еді.
Осыған орай олар Қазақстанның түкпір-түкпірінде, сондай-ақ, Ресей, Германия сияқты алыс-жақын елді мекендерде тұрып жатқан жамбылдықтармен хабарласып, еліне елеулі, халқына қалаулы жерлес азаматтарды құлағдар еткенді.
Ұйғарым бойынша белгіленген 14 маусым күні Жамбыл ауылының тұрғындары және меймандар тойда табысып, ауылдық округтің әкімі Нұржан Тұрсынбаев жиналғандарды мерейтойдың басталуымен құттықтады.
Ол кеңшардың алғашқы директоры Николай Татиевскийдің қызы Валентина Николаевнаның әкесі туралы жазып жіберген хатын оқып берді.
Ауылдың ең қарт тұрғыны Рыскелді Бектасов, алғашқы тың игерушілердің бірі Нина Соломко, еңбек ардагерлері Есләм Шұқпаев пен Алексей Голышев естеліктер айтып, ауылдың бүгінгі тұрғындарына, жастарға ақ тілек арнады. Атап айтсақ, А. Голышев осы тойға Ресейден арнайы келгенін жеткізіп, өзінің ескі көзтаныстарымен қауыша құшақтасты. Сондай-ақ, мектеп директоры Балерке Сәдуақасова және білім ордасының әр жылдардағы түлектері, басқа да азаматтар лебіздерін арнады.
Той соңы мектеп оқушыларының концертіне ұласты.
Сөз соңында айтарымыз – өткен ғасырдың жетпісінші жылдары бес жүзден аса шаңырақ түтін түтеткен бұл ауыл да заман өзгерісіне ұшырап, бүгінде жүз елуге тарта үй қалса да, адамдардың рухы жоғары, ынтымағы жарасымды. Тәуелсіз Қазақстанның Көкбайрағы астында жаңа буын – жас ұрпақ ауыл түтінін түзу ұшыруда.
Ғабит ЕСІМСЕЙІТОВ,
журналист.
Жамбыл ауданы.