
Небір ел бастаған көсемдерді, от ауызды, орақ тілді шешендерді, ардақты ақындарды, баһадүр батырларды өмірге әкелген қасиетті Қызылжар топырағынан ақсұңқар құстай түлеп, қарымды қалам иесіне айналғандардың бірі ақын, журналист, аудармашы, публицист Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жарасбай Нұрқан еді. Оның мөлдір шықтай таза әрі жеңіл оқылатын жырлары, тылсым табиғат сыйлаған ақындыққа деген кіршіксіз махаббаты, қарапайым, ақжарқын мінезімен үйлесім тапқан мағыналы өмірі жыл өткен сайын өлеңсүйер қауымның жүрегінде жаңғыруда. “Ерлерді ұмытпаса, елі ұмытпас” дегендей, тамаша өлеңдерімен таңдай қақтырған ақынды еске алуға облыс орталығындағы С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана қызметкерлері ұйытқы болып, ақынын ардақ тұтқан көпшіліктің басы сол жерде тоғысты. “Бірегей талант иесі” деген тақырыппен ұйымдастырылған әдеби кешке жиналғандардың дені жырын жатқа оқитын жалынды жастар, ақынның ең жақын туыстары және көзін көріп, тәлімін алған шәкірттері болды. Олар, алдымен, “Көрнекті қалам қайраткері” атты кітап көрмесін тамашалап, Ж. Нұрқанның көзі тірісінде, өмірден өткеннен кейін жарық көрген туындыларымен танысты.
Ақынның жан жары Қазина Нұрқанова өмірлік серігінің өмір жолы, еңбек баспалдағы, мінез құлқы жайында сыр шертті. Жарасбай ақынның адамзат үшін күрмеуі қиындай көрінетін тірліктегі кесек тұлғасы, онша-мұншаға мән бере бермейтін кісілігі оқиғалармен, мәйекті мысалдармен өрілді.
Содан кейін сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Жарасбай Сүлейменов:
– “Әдебиет – ардың ісі”, – деп ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов айтқан ұлағатты ұғым жаны нәзік, жүрегі таза, Жарасбай Әнесұлының өнегелі өмірінің өзегіне айналды. Ол қандай қызметте жүрсе де шығармашылықтан қол үзбеді, жүрек таңдауын өзге салаға айырбастай алмады. “Мен өлеңді көп жаза бермеймін, бірақ дөп жазуға тырысамын”. Бұл – Жәкеңнің өз сөзі, – дей келе ақынның іші жылы жырға, нұрлы сырға толған жинақтары, мәйекті мақалалары, әнге айналып, жыр-сүйер жұртшылықтың жадында сақталған өлеңдері жайлы сөз сабақтады.
Ақынның шәкірті Болат Қожахметов өмірді өмірге, уақытты уақытқа жалғаған тұнық өлеңге жетелеген ұстазының ұлағатты қырларын, пенделікке бас ұрмай, адамдықтың асқарынан көріне білген көркем кездерін айтып, еске алды.
Бұл шарада көрсетілген ақынның сөзіне жазылған “Ерте солған гүлдер” әнінің бейнебаяны зұлмат заманда қазақ халқының, ұлт зиялыларының басына төнген қауіп-қатерді тағы да еске салды. Жарасбай Нұрқанның аз сөзбен ауқымды ой айтуға құмар болғандығына тағы бір куә болдық.
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері Жұлдызай Жақсылық пен Мөлдір Парсахан оқыған өлеңдерді жиналғандар жылы қабылдады.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.