«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖІГЕРЛІ БАҒЫТЫМЫЗ ЖАЛҒАССА ДЕЙМІЗ

Қазақстан – саяси жағынан тұрақты, экономикасы өркендеген іргелі мемлекет. Ынтымағы жарасқан елімізде орнаған береке-бірлік, тыныштық пен келісім асулары еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қажырлы да зор еңбекпен бағындырылып келеді. Бұл ретте Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының үлесі зор екендігін әрбір қазақстандық мойындайды. Бүгінде егемендік туын биік көтерген Қазақстан көптеген жетістіктерге жетіп, әлемдегі танымал елдердің біріне айналды.

Дәстүрлі Президент Жолдаулары – бізге бағыт-бағдар беретін құнды құжаттар. “Нұрлы Жол” – ұлттық рухымызды көтеретін, жаңа істерге жігерлендіретін бағдарлама. Елімізде ауыл шаруашылығын, индустриялық-инновациялық даму бағытын, кәсіпкерлікті, жұмыспен қамтуды, білім мен мәдениетті, денсаулық сақтау мен спорт салаларын дамытуға қыруар қаражат бөлініп, жаңа әлеуметтік маңызды нысандар тұрғызылуда. Әсіресе, ауыл тұрғындарын қолдау мақсатында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.  

Уәлиханов ауданы облыс орталығынан шалғайда орналасқан. Осыған қарамастан, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына мемлекеттік бағдарламалар үлкен серпіліс беріп, біраз жұмыстың басы қайрылды. Соңғы жылдары ауданда екі жаңа мектеп тұрғызылып, аудандық ауруханамыз күрделі жөндеуден өткізілді. Сәкен сері атындағы аудандық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалып, кәсіпкерліктің көптеген нысандары іске қосылды. Таза ауыз-сумен қамту жағдайы 95 пайызға жетіп, жолдарды жөндеуге қомақты қаржы жұмсалуда. Ауданда үш жаңа мешіт ғимараты ашылды. Осындай атқарылып жатқан игі істердің арқасында тұрғындарды жұмыспен қамту жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді.

Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл, Ата Заңымыз бен Ассамблеяның 20 жылдығы – қастерлі оқиғалар. Президент сайлауының да ойлаған деңгейде атқарылатынына сенім мол. Бүгінге дейін Қазақстанның қол жеткізген биіктері мемлекетті жақсы басшы басқарғандығының арқасы. Болашақта да қазақстандықтар өздерінің тағдырын сенім артқан Президентінің қолына ұстатып, өзінің әл-ауқаты мен тұрмысын жақсартуға бағытталған шараларды жүзеге асыруды абыройлы жалғастырады деген сенім мол. Еліміздің осы асуларына уәлихановтықтар шын жүрекпен қуанып, өз тараптарынан қолдарынан келген үлестерін қоса берерлері сөзсіз.

Бауыржан КӘДІРОВ,

Уәлиханов аудандық мәслихатының хатшысы,“Нұр Отан” партиясының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp