«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖІГЕРІМІЗГЕ ЖІГЕР ҚОСАДЫ

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауын кәріге де, жасқа да ой салатын, сонысымен жігерлендіретін, бағыт-бағдар беріп тұрған тарихи һәм саяси құжат деп білемін.

“Тәуелсіздікті баянды ету – оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекетіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді”, – деп басталады Жолдау. Расында да, Елбасы айтқандай “аса күрделі, қиын кезеңге аяқ бастық”. Сондықтан “біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін” деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз.

Біздің өткен ғасырдың 90-шы жылдары жыларман хал кешкеніміз күні бүгінге дейін есімізде. Бірақ шыдадық, бұл қиын-қыстау дағдарыстан Елбасымыздың алды-артын болжай білетін көреген саясатының, кемеңгер басшылығының арқасында шыға алғанымызды ашық айту керек.

“Қазіргі жаһандық дағдарыс біздің басымызға кездейсоқ түсе қалған жоқ, мен бірнеше рет айттым. Осыған орай Қазақстан бірінші рет дағдарыстың алдын алу стратегиясын қолдануда”, – дей келе Президент: “Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады. Жаңа жылдан әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақы орташа 25 пайызға көбейеді”, – деп нық сеніммен айтты Елбасы.

Қазір біз “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асырудамыз. Бұл экономиканың, қоғамның және мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етеді деген тұжырымды білдіреді.

Тарихи құжатта 2017 жылдан бастап “Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру” жаңа жобасы іске қосылатыны, Қазақстанның жас азаматтары жұмыс пен сұраныс бар өңірлерге батыл барулары керектігі, техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман екендігі анық жазылған. “Экономикалық тәуекелдерге, жалпы ештеңеге қарамастан, біз халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Мен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікін – 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікін – 40 пайызға дейін артатынын жариялаймын”, – деді Президент. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды Елбасы ешқашан есінен шығарған емес, биыл да жылдағыдай әлеуметтік сала қызметкерлері мемлекеттің қамқорлығын сезіне алатын болады.

Президент Жолдауындағы: “Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі” екені біздің жігерімізге жігер қосады, болашаққа – Мәңгілік Елге деген сенімімізді ұштай түседі.

Сағидолла ИКЕНОВ,

еңбек ардагері.

  Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp