«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮЗЕГЕ АСПАҒАН ЖОБАЛАР

«AMANAT» партиясының облыстық филиалында жол картасының орындалу барысы талқыланды. Жоспарланған 111 іс-шараның 101-і жүзеге асырылып, қалған 10 тармақ бірқатар себептерге, атап айтқанда, мерзімінен кешігу, қаржыландырудың болмауы және мемлекеттік бағдарламалардағы өзгерістерге байланысты орындалмаған.

Партияның облыстық және қалалық мәслихаттардағы фракцияларының бірлескен отырысында іске асырылмаған тармақтарға ерекше назар аударылды. Мысалы, былтыр ашылуы тиіс 6 тауарлы-сүт фермасының біреуі (Ақжар ауданында) инвестордың қаржылық қиындықтарына байланысты іске қосылмаған. 2025 жылы жалпы құны 17 миллиард теңге болатын 12 тауарлы-сүт фермасын салу жоспарланған.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Айтжанованың айтуынша, жол картасы аясында құрылысы жоспарланған 10 спорттық нысанның біреуі (Уәлиханов ауданында) толық салынбаған. Өз жұмысына салғырт қараған мердігерге қатысты сот процесі жүріп жатыр.

Шал ақын ауданындағы 6 ауылды сумен қамтамасыз ету жобасы да аяқсыз қалған.

Мамандар бұл олқылықтың себебін су тасқыны және қаржыландырудың кешеуілдеуімен байланыстыруда. «Биылдың өзінде сумен қамтамасыз ету саласындағы 60 жобаны іске асыруға 25 млрд. теңгеден астам қаражат қарастырылған. Уәлиханов ауданында ұзындығы 24 шақырым болатын жолды жөндеу жоспары да іске асырылған жоқ», – деді Әйгерім Айтжанова.

Отырыста жастарға арналған гранттар және тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарларының орындалмау себептері талқыланды. Мәселен, 2024 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 240 жас маман елді мекендерге барып, жұмысқа орналасуы тиіс-тін. Алайда ауылда жұмыс істеуге ниетті жастардың саны 136-дан аспай тұр. Бұдан бөлек, депутаттар қоғамдық көлік қозғалысының схемаларындағы өзгерістерді және МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын қарастырды.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp