«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖЕМІСІ

 

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Мағжан Жұмабаев ауданында болып, бірқатар әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды аралады және тұрғындармен кездесті.

Аудан орталығы – Булаево қаласына ат басын тіреген өңір басшысы алдымен “Авто бум” автокөлiк бөлшектерiн сататын дүкеннiң жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Олег Кошеков ісін бастау үшін 7 миллион теңге өз қаржысын жұмсап, оған қосымша “Бизнестiң жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктен 8 миллион теңгенің жеңілдетілген несиесін алған. Сауда орнын аралап шыққан Ерік Хамзаұлы жас кәсiпкерге ісін кеңейту қажеттiгiн айтып, ауыл шаруашылығы техникасы мен олардың қосалқы бөлшектерінің саудасына көңіл бөлуге кеңес берді.

Облыс әкiмi тыл еңбеккерi, “Еңбек даңқы” орденінің иегерi Матрена Калиниченконың үйiне барды. Ерiк Хамзаұлы 84 жастағы еңбек ардагерiн Халықаралық әйелдер күнiмен құттықтап, теледидар сыйға тартты.

Содан кейін өңір басшысы ауданда көктем мезгіліндегі ықтимал су тасқынының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылады.

Бүгінде Булаево қаласының орталық бөлігіндегі көлде су деңгейiнiң көтерiлуiнің алдын алу және көктемгi су тасқыны кезiнде жақын маңдағы баспаналарды су басудан сақтау шаралары жүргiзiлуде. Құтқарушылардың су тасқынына қарсы қолға алған жұмыстарының нәтижесінде елді мекенді су басу қаупі біршама төмендеген. Дегенмен, су айдынынан әлі де 200 мың текше метр суды сору қажет. Осы орайда сорғылар дайын тұруы керектігін айтқан Ерiк Хамзаұлы алдын алу жұмыстарын екi аптаның ішінде аяқтау қажеттігін ескертті.

Бұл жерде Ерік Сұлтанов жуырда сатып алынған стационарлық сорғылар мен көлден су тартатын жылжымалы сорғы стансасының жұмысын көрді. Жергілікті құтқарушылардың айтуынша, алдағы уақытта тағы екі жылжымалы сорғы стансасы, ерiген суды тартатын құбырлар, 10 мотопомпа сатып алынбақ. Әзірге арнайы техникалар су шайып кету қаупі бар елді мекендерден қар шығару жұмыстарында қолданылуда.

Бұдан кейiн облыс әкiмi аудандық ішкi iстер бөлiмiнде болып, құқық бұзушылықтардың алдын алу ісінде көмегі мол бейнебақылау орталығының жұмысымен танысты. Жергiлiктi полиция қызметкерлері аудан орталығында 27 бейнебақылау камерасы орнатылғанын хабарлады. Олардың 15-сi – айналмалы, 10-ы стационарлық болса, ал 2-уiнде кескіндерді айырып тану жүйесi бар.

Жұмыс сапары барысында өңiр басшысы үстіміздегі жылдың қаңтар айында пайдалануға берілген 18 пәтерлiк тұрғын үйге де соқты. Бұл маңызды әлеуметтік нысанның мердігері – “СевКазЭнергоСтрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа салынған баспана барлық инженерлiк желiлермен жабдықталған.

Сапарының соңында Ерiк Сұлтанов жеке қоғамдық қабылдау өткiздi. “Алуа” шаруа қожалығының басшысы Нұртай Зейнелғабиденовтың айтуынша, өткен жылы оның ауыл шаруашылығы жерлерi тасқын судың астында қалған. Ресейдің Омбы облысы Полтавское ауданының Соловьевка-Вольное автожолындағы су өткiзу құбыры жабылғандықтан су ағып кетпеген. Шаруашылық басшысы жер телiмi Ресей шекарасының жанында орналасқандықтан бұл мәселенi өз күшiмен шеше алмайтынын айтты. Шаруаның өтінішін тыңдаған Ерік Хамзаұлы тиiстi органдарға бұл мәселенi қарастырып, көктемгi су тасқынына дейiн жауабын берудi тапсырды.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp