Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, осы жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестіріледі.
Заңдағы түзетулерге сәйкес мопедтерді тіркеу үшін иелері Петропавлдағы Нефтепроводная көшесі, 7 мекенжайында орналасқан «Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына» жүгіне алады. Ол үшін жеке басты куәландыратын құжат, мопедтің техникалық құжаты немесе техникалық сипаттамалары туралы мәлімет болуы керек. Тіркелмеген мопедтерді жүргізуші куәлігінсіз жүргізуге тыйым салынады. Сондай-ақ мопедті жүргізуге құқығы жоқтар автомектептерде оқудан өтуі тиіс.
– 5 сәуірден бастап мопедтерді пайдалану – оларды полицияда тіркегеннен кейін, яғни А1, А санаттардағы жүргізуші куәлігі, техникалық қарап-тексеруден өтуі және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру болған кезде ғана рұқсат етіледі, – дейді облыстық полиция департаментінің процессингтік орталығының аға мемлекеттік автоинспекторы Жұлдыз Бағыт.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».