«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕКТЕГІ ЖАРА

1986 жылғы 16 желтоқсан. Таңертең Алматыдағы С.М. Киров атын иеленген мемлекеттік университеттің филология факультетінің жатақханасындағы студенттердің қарбаласқан тыныс-тіршілігі әдеттегідей. Бөлмемізге дәліздегі адамдардың жүрісі, әңгімесі құлаққа естілер-естілмес жетеді. Қазақстанның әр түкпірінен жиналған төрт қыз төрт жыл бойы жұп жазбай келеміз. Қас қағымда 5-ші курс студенті атандық. Зымыраған уақыт. Көкірегімізді жастықтың жалыны қыздырып, жан дүниемізді тербеткен тұнық сырларымызды тауыса алмай, гүж-гүж әңгімені күнде қыздырамыз. Жарты жылдан кейін қолымызға тиетін дипломға аман-есен жетсек, діттеген мақсатымызды қалай орындайтынымызды айтып, сөз жарыстырудан жалықпаймыз. Ертеңгі күнге деген құлшынысымыз бен сеніміміз мол. Бақыттымыз!

Кешкі сағат сегіздер шамасы болатын. Кенеттен есіктің қағылғаны төртеуімізді де елең еткізді. Ішіміздегі ширақтау Айсара жүгіріп барып есікті ашты да, көп кешікпей қолына газет ұстап, қайта оралды. Әдетте газетті бөлме-бөлмеге таратпайтынын білетіндіктен, бұл әрекет баршамызды ойландырып тастады. Аңтаң күйдеміз. Құрбымыз өзі де таңғалған кейіппен: “Біреу тастап кетіпті”, – деді. Бұл “Лениншіл жас” газеті екен. Таңғалған кейіппен төртеуіміз бір жерге шоғырлана қалып, құрбымыздың қолындағы газетке үңілдік. Оның бірінші бетінде Геннадий Колбиннің суреті басылып, оның Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалғаны туралы ақпарат жазылыпты. Елімізді енді сол басқарады екен. Бәріміздің бұған дейінгі жайдары көңілкүйіміз су сепкендей басылды. “Бұл қалай болғаны?”, “Бұрынғы басшыға не болды?”, “Қазақстанды неге басқа ұлт өкілі басқарады?”, “Ел басқаруға бір қазақтың шықпағаны ма?” деген сан сауалдарды санамызда жүгіртіп, төртеуіміз сұраулы да ойлы жүзбен бір-бірімізге қарадық. “Енді не болар екен?” деген жұмбақтың шешімін таба алмай, тым-тырыспыз.  

Сағат 12-лер шамасында оқу корпусына қарай аяңдадық. Мұнда сыбыр-сыбыр әңгіме, қыбыр-қыбыр жүріс көп екен. Университеттің басқа факультеттерінің жоғары курс студенттері жиналып, болып жатқан елдің басындағы жағдайға жастардың алаңдайтындығын айтып жатты. Сан сұрау толғандырған жастардың басы бірігіп, баршамыз қатар түзеп, “Менің Қазақстаным” әнін шырқап, Үкімет орналасқан алаңға беттедік. Кіршіксіз таза көңілімізбен ойымыздағы сан сауалдарға бейбіт жолмен жауап аламыз деген үміт бар. Түс ауа бастаған кезде басқа оқу орындарынан жиналған студенттермен алаң адамға тола түсті. Бірер уақыттан кейін ауыр машина жасау зауытының жас жұмысшылары келіп қосылды. Бүкіл қазақ әлемінің жас жауқазындарының нәзік жүрегіне мұң ұялатқан ел тағдыры, қоғам қиянаты оларды еріксіз сол алаңға жинады. Бірін-бірі танымайтын, ойларында қылаудай арамдығы жоқ жастарды бір мақсат, бір ниет осы жерге топтастырған еді.

Алаңға орнатылған биік мінбеге Үкіметтің жыртысын жыртқан бірнеше атқамінерлер шығып, мән-жайды түсіндірген болып, дауыс күшейткіш құрылғы арқылы айқайлап қояды. Жастардан үйді-үйлеріне, оқып жүрген мекемелеріне, жұмыс орындарына қайтуды талап етеді де, зым-зия жоқ болады.

Кешке қарай жиынның ызғары үдей түсті. Қатар-қатар келіп тоқтай бастаған автобустардың дүрілі де адамның бойын шымырлататындай. Көліктердің ішінен түскен әскери киімділер мен милиционерлердің түрі сұсты. Олар лек-легімен түсіп, адамдардың арасын бөле-жара килігіп, екі қатар түзеп, орнығып жатты. Олардың бұл әрекеті жастарға ұнасын ба?! Қызбалыққа салынған олар бірін-бірі итермелеп, алға ұмтылады. Араларынан қысылып қалған, құлап жатқан қыздардың шыңғырған дауысы естіледі. Айналамызға қараған сайын қорқыныштың пердесі көңілімізді орай түскендей. Құрбым екеуіміз не істерімізді білмей, мәңгіріп тұрмыз. Лекпен бірге біресе оңға, біресе солға жылжимыз. Бірер уақыттан кейін қасымызға еңгезердей қазақ милиционері келіп, екі қолымен екеуміздің желкемізден ұстаған күйі топтың жиегіне қарай итермелеп, жол жиегіндегі арықтың арғы жағына асырып тастады да, сұсты әрі жанашырлық дауыспен: “Бұл жерден тез арада кетіңдер!” – деді.

Біз алаңдағы үлкен топты айналдыра қоршап алған әскерилердің шебінен ішке өте алмадық. Сырттан бақылап тұрмыз. Сұмдықтың көкесі енді басталды. Әскерилер үсті-үстіне қосылып жатыр. Олар арсылдаған иттерін топқа қарай беттетіп, қолдарындағы сойылдарымен алдынан кездескендерді ұра бастады. Соққыға жығылғандар минут сайын көбейіп барады. Жағасынан ұстап тоқтатқандарды, жерден көтергендерді сүйрелеп, көлікке тығып жатыр. Малды да бұлай қорламас болар. Көріп тұрғанымыз – ұрып-соғу, қыздарды шаштарынан сүйреу, аяқтарындағы қатты етікпен тепкілеу. Осындай шектен шыққан қатыгездіктің белең алғанын көріп тұрған құрбым екеуіміз қорыққаннан дірдек қағамыз. Дірдек қаққан сайын көзімізден жас парлап ағады. Бұл сұмдыққа қарап тұруға дәтіміз жетер емес әрі қорқыныш үдеп барады.

Жан-жағымызға жалтаңдай қарап, аш қасқырдың аранынан қашқан еліктердей жолдағы бөгеттерге сүріне-қабына жүгіре отырып, Ленин көшесінің бойына шықтық. Жатақханаға дейін алыс болғандықтан ба, әлде үлкен адамдардың қамқорлығын қажет еттік пе, туыс ағайымның үйіне келдік. Бүгінде үлкен бір кесапаттан құтылып, жанымыздың аман қалғанына разымын, бірақ сол жолы қаншама жас өреннің Желтоқсан лаулатқан отқа күйгені, көпшіліктің жалынға шарпылғаны жүрегімді әлі күнге дейін қан жылатады.

Сол жылдың 20 желтоқсанынан бастап екі-үш ай бойы қолдарында көп сурет ұстаған адамдар жатақханаларды аралады. Суреттерде барларын немесе ұқсастарды кезіктіре қалса, жазаламақ ойларымен сұрақтың астына алады. Сол “науқанда” біз танитын бірнеше жігіт 7-8 жылға сотталып кеткен еді.

Уақыт жараны жазатын шығар, бірақ жүрегіңде өшпес із қалдырған оқиғаны ұмыту мүмкін емес. Жыл сайын 16 желтоқсан жақындаған кезде міндетті түрде сондағы жағдай есіме түсіп, жан дүниемнің астан-кестеңі шығады. Тілімделген жара орны жыл сайын қанталайтындай…

Зәмзагүл ТӨЛЕШОВА,

қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Алматы қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp