С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Ұлыстың ұлы күніне арналған “Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен” атты әдеби-сазды кеш болып өтті. Күллі түркі жұртына ортақ мерейлі мерекеге арналған шараны тамашалауға аға буын өкілдері мен ұстаздар, студенттер мен оқушылар жиналды. Игі шарада дәстүр-салтымыздың озық үлгілері көрсетіліп, төл мерекеміздің тарихы әңгіме өзегіне айналды.
Петропавл қаласының тұрғыны Раушан Қанғожина шашу шашып, ұлтымызды ұйыстыратын ұлық мейрамның мән-мағынасы, оны тойлаудың тәртібі жайлы сөз сабақтады.
Халқымыздың түсінігінде 21 наурыз түні даланы Қызыр аралайды екен. Қызыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын ақсақал кейпінде көзге көрінетін бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт-береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып, бата береді. Қызыр Атаның рөлін сомдаған ақсақал Мағзұм Исағұлов бата-тілегін өлеңмен жеткізді.
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Әйгерім Құсайынова орындаған “Той-думан” әні әсерлі шықты. Өнер колледжінің студенттері Бүркіт Жанай мен Тимур Байтенов шырқаған халық әндері жиналғандардың көңіл-күйін көтеріп, мерекенің маңызын арттыра түсті.
Шара соңында жиналғандар мерекеге орай ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалады.
(Өз тілшіміз).