«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРЫҚ АЗАМАТ ЕДІ

Кешегімізді еске ала әңгіме қозғағанда еліміздің өсіп-өркендеп, ілгері қарай қадам басуына бүгінде есімі жеке-дара атауға лайық, танымал тұлға деп білетін білікті басшылар зор үлес қосқандығын ұмытпаған жөн. Менің өмір жолымда басшылық қызметте әртүрлі дәрежеге ие болған көптеген адамдармен қоян-қолтық араласа бірге жүруге тура келді. Олардың, әрине, алдымен мінез-құлқына тән өзіндік ерекшеліктері, адами қадір-қасиеттері болғаны түсінікті жайт.

Ерекше қадір тұтатын жандардың орны бір бөлек. Солардың қатарынан мен Есім Шайкиннің есімін алдымен атар едім. Ол кісіні жақсы, жақын білетіндер іскерлігін, азаматтығын әлі күнге дейін масаттана мадақтап, жыр қылып айтуға құштар-ақ. Абзал ағамыздың есімі аудан, облысты былай қойғанда, республика көлемінде кеңінен аян болды.

Есім Шайқыұлының қарамағында бес жыл, әуелі аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, кейін сол бөлімнің меңгерушісі болып қызмет істедім. Аудан аграрлық болғандықтан, ондағы партия комитетінде осындай бөлім құрылған. Бүкіл шаруашылық жұмыстары тек осы бөлім арқылы жүргізілетін. Кейде түн ортасында үйге телефон шалып: “Мына бір шаруаны тездетіп қолға алу керек. Соған орай, мына кісілерді маған таңертеңгі уақытқа шақыр. Өзіңнің қосарың болса, қысылма, айтып отыр”, – дейтін. Әрине, өз басым ол кісінің тапсырмаларын орындауға жаным қалмай кірісетінмін.

Әлі есімде, 1980 жылдың 1 наурызы. Бөлім меңгерушісі Мазуркевич жолдамамен Пятигорск қаласына демалуға кеткен. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Иван Алексеенко екеумізді бірінші хатшы өзіне шақырды. Қаңтар, ақпан айлары өтіп, сүт тапсырудың тоқсандық жоспары 48-ақ пайызға орындалған. Алексеенконың айтуы бойынша, наурыз айының өткен жылдардағы ең жоғары көрсеткіші 46 пайыздан аспаған. Бірінші тоқсанның тапсырмасы орындалмай қалатын қауіп бар. Содан Иван Петрович екеумізге Есекең әр кеңшардағы төлдейтін сиырларды есепке ала отырып, сүт өндіру жұмысына қатаң бақылау қою арқылы жергілікті тұрғындардан сүт, май сатып алуды ұйымдастыруды жүктеді. Біз күні бойы отырып, шаруашылықтар бойынша әр күнге жұмыс жоспарын жасап, оларды тағы бір рет мұқият тексеріп шықтық. Сол күннен бастап бұл науқанға тікелей қатысты бірнеше адам кешкі сағат 9-дан түнгі сағат 3-4-терге дейін май зауытының қызыл мүйісінде отыратын болдық. Күнделікті тапсырманың орындалу барысын Есекең өзі қадағалап, кеңшар директорларынан бастап, бүкіл атқамінерлердің есебін қабылдайтын. Сөйтіп, не керек, тоқсандық жоспар артығымен орындалды. Бір ай бойына ұйқы-күлкі көрмей жүрген еңбегіміз нәтижесін берді.

Тағы бір есте жатталып қалғаны, 1979 жылы “Еңбек” кеңшары құрылғанда, оның орталығы – Жаңасу ауылында 27-ақ үй болатын. Ондағы өндіріс орындарының құрылыстарын “Союзцелинвод” тресі жүргізді. Тұрғын үй мәселесін шешу аудан орталығындағы мекемелерге тапсырылды. Барлығы 50 үй салынуға тиіс. Бір үйдің құрылысы аудандық партия комитетінде қызмет ететін жігіттердің еншісіне тиді. Сөйтіп, біз сенбі, жексенбі күндері бір кісідей жұмылып, құрылыс жұмысын атқардық. Несін айтасың, қолы қалт босаған сәтте Есекеңнің өзі де бізбен бірге жұмысқа араласып кететін. Қоңыр күз келе біз әлгі үйді пайдалануға бердік. Басқа мекемелер де сол деңгейден көріне білді.

Сол кезде ауданымызда ет өндірісі де тұралап қалғандай, қиын уақыт болатын. Соған орай, шошқа шаруашылығын қолға алу дұрыс деп табылды. Жылына 100 мың торай алу міндеті қойылды. Ендігі уақытта аудандық партия комитетінің бюро мәжілісі, басқа да басқосулар жиі өткізілетін болды. Оған қажетті анықтамалар, қаулылар және тағы басқа да құжаттарды дайындауға мен жауапты едім. Мұндай жағдайда амал қанша, зоотехник болмасам да, мал шаруашылығына байланысты кітаптарды ақтарып, білімімді жетілдіріп, оған қоса шаруашылықтарды жүйелі түрде аралап, малшы қауымның жағдайымен жақын танысып, мағлұматтар жинауға тура келді. Қоғамдық мал күтілетін орындардың әлі де нашарлығына, жемазықтың тапшылығына қарамастан, 94 мың торай алуға қол жеткізгендігіміз, әрине, биік белестен көріну болып саналды біз үшін.

1981 жылы Сергеев су қоймасынан Иманбұрлық – Питное көлі бағытында канал ашылды. Осы маңызды шаруаның басы-қасында Есекең дамыл таппай өзі жүріп, маңдай терін төкті. Бастысы, бұл канал “Заря”, “Новопокровка”, “Еңбек” кеңшарларының аумағын басып өтетін болды. Бұл “Афанасьев”, “Ольгинский”, “Быковский атындағы”, “Городецкий”, “Марьевский” кеңшарлары, Сергеев және Ибраев атындағы мамандандырылған шаруашылық бірлестіктері үшін Есіл өзені арқылы суару жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туғызды. Осының бәрін ескере келе, жем-шөп мәселесін оңтайлы шешуде суармалы жер көлемін 10 мың гектарға жеткізу мақсаты қойылды. Өйткені, жеке шаруаның малын былай қойғанның өзінде, ауданда сол кезде 55 мыңға жуық қара мал, 60 мыңға жуық қой, 7-8 мың бас жылқы болатын. Күндізгі қарбалас жұмысқа байланысты уақыт табыла бермейтіндіктен, кешкілік кезде менің кабинетімде ауданның бас агрономы – марқұм Елтай Құрмашев, бас инженер И. Меркер, жер маманы Б.Қожакиев, гидротехник Г.Харахорин бар, түнгі сағат 1-2-ге дейін әр суарғыш қондырғыны жердің рельефіне, конфигурациясына қарай карта бетіне түсіріп, орналастырдық. Жерді дайындағанмен, техника жағы жетіспеген соң сол кездегі одақтық министрлікке хат жолдадық. Кейін аудандық атқару комитетінің төрағасы И.Вдовенко Мәскеуге арнайы іссапармен барып келді. Ендігі уақытта егістік алқаптарымызда “Волжанка”, “Фрегаттардан” басқа “Кубань”, “Днепр” деген жаңа маркалы жаңбырлатқыштар пайда бола бастады. Олардың жұмысын қадағалап отыру да біздің бөлімге тапсырылды.

Есім Шайқыұлы аудандағы мал басының өсуін қадағалап отыру үшін өзінің кабинетінде, жұмыс үстеліне жақын жерге стенд қойғызды. Әр кеңшарға сиыр санына байланысты 1-2 парақ арналатын. Онда сауыншының аты-жөні, сиырдың нөмірі, ұрықтандырылған уақыты, бұзаулайтын уақыты көрсетілген. Мұндай жұмыстарды жеріне жеткізе отырып атқару оңайға соққан жоқ. Оны жауапкершілікпен жүргізген бөлім нұсқаушысы А.Красильников еді. Сондай-ақ, таңертең ерте әр шаруашылықтағы жағдайды біліп отыру Есім ағамыздың әдеті болатын.

Ауданымыздағы атақты “Ақбидай” ансамблі де сол кісінің тікелей араласуымен құрылды. Аудандық үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, кейін атқару комитеті төрағасының орынбасары С.Рамазанов ағамыз он шақты өнерпаз жастардың басын біріктіріп, осы өнер ұжымын дүниеге келтірді. Кешікпей ансамбль мүшелеріне арналып киім тіктірілді. Алматыдан арнайы білікті мамандар шақырылып, олар сан қырлы саналатын өнердің қыр-сырына үйретті. Осыдан барып концерттік бағдарламаларымыздың ауқымы кеңейіп, әнші-бишілеріміздің шеберліктері айтарлықтай шыңдала түсті. Сол жылдары ансамбліміз аудан асып, облыс орталығында өтіп жататын түрлі мәдени шараларға жиі қатысып жүрді. Қазақ ауылдарына да жиі ат басын бұратынбыз. Есекең мені қызметімде қажет екеніме қарамай, үгіт пойызы құрамында бір айға жақын уақытқа Пермь облысына жібергені де әлі күнге дейін есімде. Алматыға, көрші Қорған облысына да бірнеше рет барып қайтудың сәті түсіп еді.

Жұмысыма әр кез тыңғылықты араласатынымды ескерді ме, әлде, өнерім көңілінен шықты ма, әйтеуір маған әкелік қамқорлығын аяған жоқ. Кабинетіне кіре қалғанда, әр кез жылы сөйлеп, жігерлендіріп қоятын. Қызметіме Қаратал ауылынан қыс демей, жаз демей, жаяулап-жалпылап ерте келіп, кеш кетіп жүргеніме аяушылық білдіргені болар, өзім сұрамасам да жеке басыма жаңа салынған үйден екі бөлмелі пәтер бергізді. Келешегі бар деп жоғары партия мектебіне ұсынған да осы кісінің өзі еді.

Жалпы, қандай да бір іс болсын Есекең қиын екен деп қарамайтын. Сол қиын жұмыстардың өзіне қисынын тауып, құлшына кірісетін де, жеріне жеткізіп, бірақ тоқтайтын. Дағдылы бір жақсы көріп айтатын сөзі: “Бекіре балық маңдайы тасқа тигенше ағынға қарсы жүзеді” болатын. Өзі де сол бекіре балықтай жолынан таймайтын, сол жолда шаршап-шалдығып талмайтын нағыз ер-азамат еді. Оның кескін-келбеті, жүріс-тұрысы, киім киісі, салдығы, парасаттылығы, өршілдігі, талғампаздығы, табандылығы, өзіне де, өзгеге де биік талап қойғыштығы және тағы басқа да қасиеттері біздерге, кейінгі ұрпаққа, үлкен өнеге ретінде жадымызда сақталуда, сақтала да береді.

Самат ҒАБДУЛЛИН,

зейнеткер.

Сергеевка қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp