Қылышын сүйретіп келетін қаһарлы қыстың қамын жаз ойлағандар ұтады. Елді мекендердегі жол қатынасын реттеу мақсатында Ақжар ауданының әкімдігі ауылдардағы техникасы бар кәсіпорындармен келісім жасаған болатын. Бүгінде өздеріне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып отырған шаруашылықтарға жергілікті билік қана емес, ауыл тұрғындары да разы.
Ақжар ауданындағы шалғай ауылдық округтердің бірі – Ұялы елді мекені. Боранды күндердің өзінде оның тұрғындарының аудан орталығымен байланысы үзілмеген. Бұл мүмкіндікті жасап отырған “Бекет”, “Бұланбай”, “Ұялы-Астық ЛТД” секілді кәсіпорындардың басшылары мен еңбеккерлері. Шаруашылықтардың техникалары күні-түні тыным таппай, толассыз жауып жатқан қардан көшелерді тазартып, ауылдарға қатынайтын жолдарды назарда ұстап отыр.
Қулыкөл ауылдық округіндегі “Дамир” шаруа қожалығы, Май ауылдық округіндегі “Май Агро” мен “Бөгенбай” шаруашылықтары да өздеріне жүктелген жұмыстарды жауапкершілікпен атқарып, жерлестеріне қолайлы жағдай жасауда. Мұндағы облыстық маңызы бар жолдарға іргелі кәсіпорындар жауапты. Ақжарқын мен Бостандық, Ленинград пен Айсары бағыттарындағы жолдарды “Ленинград жолдары” кәсіпорнымен бірге “Актөбе Gllas” серіктестігі тазалауда.
Аудан аумағындағы жолдардың қарын аршып, тазарту үшін жұмыс екі ауысыммен атқарылуда. Жол үстіндегі еңбеккерлерді ыстық тамақпен қамтамасыз ету міндетін жергілікті атқарушы орган өз мойнына алған. Аудан әкімдігі жолдардың жағдайын қадағалап отыратын топ құрған. Осылайша, жан-жақтан жұмыла атқарылған істің нәтижесінде бүгінде жолда қалған жолаушылар немесе төтенше оқиға орын алған жоқ.
Болат ӘМІРИН,
журналист.
Ақжар ауданы.