Бүгінде жұмыссыз жүргендердің көбі өз жағдайын қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен сабақтастыруға дағдыланып алған. Мүмкіндігі шектеулі адамның өзі біреуге алақанын жайып, беделін түсірмес үшін табыс көзін қалыптастыруға талпынып, қоғамға бір пайдасын тигізуге ұмтылып жатқан кезде он екі мүшесі сау адамның екі қолға бір күрек таба алмауы – жігерсіздік пен жалқаулықтың көрінісі. Осындайда қиындыққа мойымайтын, тағдыр аяғынан шалып жатса да, еңсесін тіктей алатын қайратты жандардың ер мінезділігі тәнті етеді. Сондай зағип жандардың бірі – Татьяна Баньковскаяны да мақтан тұтуға болады.
Татьяна Владимировна – Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны. Оның осыдан 11 жыл бұрын арайлап атқан таңдарды, қызылды-жасылды реңімен шуақ шашатын күндерді көре алмай қаламын деп ойламағаны анық. Бір түнде зағип болып қалған жанның ауруына дәрігерлер қан қысымының күрт көтеріліп кетуі себеп болғанын айтады. Татьяна бүгінде 1-ші топтағы мүгедек. Сол кезде аудандық ауруханада медбике болып жұмыс істеп жүрген әйел үшін ол мекеменің есігі жабылғандай болып еді.
– Әрине, жаңа жағдайға бейімделу қыруар уақытты талап етті. Мінез-құлқымды да мүгедектігіме қарай өзгертуге тура келді. Адамның тасқараңғы өмірінің қандай екендігін жанары бар адамның өзі үреймен көз алдына елестетері сөзсіз. Алайда, бұл да бір Жаратқанның сынағы болар, көнесің. Бастапқыда бүгінде марқұм болған жұбайымның көп көмегі тиген еді. Онсыз өмір ауыртпалығы еселене түскендей болды. Балалардың өз отбасы, өз өмірлері бар. Оларға ауыртпалық салғым келмейді. Сондықтан жалғыз тұру – өз шешімім. Бүгінде үйімнің әр бұрыш-бұрышында не тұрғанын, қалай тұрғанын ойымда сақтап, қолмен түртіп, біліп алдым. Ал кәсіпкерлікке жасалған қадам – күнкөрістің ғана қамы емес, өзімнің қоғамға пайдалы екенімді сезінуім үшін аса қажет, – дейді Татьяна Владимировна.
Татьяна Баньковская аудан орталығында орналасқан сән салонының бір бөлмесін жалға алып, онда массаж жасау кабинетін ашқанына жарты жыл болды. Ол өзіне ауданның қайырымды жандары, оның ішінде имандылық жолына түскен тұрғындар қашанда көмектесіп жүретінін айтады. Былтыр жазда Алматы облысының Қаскелең қаласындағы “Жанар” оңалту орталығының шақыртуымен ем-дом қабылдап келген ол сол жолы массаж жасаудың курсына қатысқан. Мүгедектікке шалдыққанға дейін 23 жыл медбике болып еңбек еткен жанға адам ағзасының құрылысын түсіну қиынға соқпасы анық. Ол бұрынғы оқыған-тоқығандарын есіне түсіріп, курстық оқуды жеңіл түйсініп шыққан. Оның үстіне адамның табиғи дамуында бес сезім мүшесінің бірі нашарлаған жағдайда басқалары белсенді бола түсетіні белгілі, ендеше Татьяна Владимировнаның да ендігі бар сенімін арқалайтын дене мүшесі – он саусағы. Осындай ұйғарыммен ол массаж жасауға машықтануды оңай бастады.
Арнайы курстан өтіп, массаж кабинетін ашып, барлы-жоқты құрал-жабдықтарымен жұмысқа кіріскен кезде елімізде мүгедек кәсіпкерлерге арналған қайырымдылық жобалардың бар екенін естиді. Солардың бірі “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” мен “Казкоммерцбанк” акционерлік қоғамдарының бірлесе ұйымдастырып жүрген “Жұлдыздарға қара!” жобасы болатын. Осы бағыт арқылы Татьяна Владимировнаның тапшылық көріп жүрген құрал-жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік туады.
– Массаж кабинетін ашпақ ойым бұрыннан болғанды. Оған шамам жетпейтін болғандықтан, істі кейінге шегеріп келдім. Қызметті бастап кету аса ауырлық тудырған жоқ. Бірте-бірте келушілер көбейеді деген сенімдемін. Ең бастысы, өз ауруыңмен үйде арпалысып, өзіңді-өзің жегідей жегеннен гөрі жұмыс басына келіп, адамдармен араласқанның өзі адамша өмір сүргенің емес пе?! Басқаға қызмет көрсетіп, сыйластық пен ризашылығын алудың өзі – бір бақыт. Табыс өз алдына, өзіңе жүктелген міндет жанарыңа жарық сәуле бағыттайтындай, – дейді зағип жан.
Татьяна Владимировна – екі баланың анасы, екі немеренің әжесі. Жасы елуден асса да, талабы мен өмір сүруге деген ынтасы кез келгенді қызықтырары сөзсіз. Ол барлық әжелер сияқты немерелерін түрлі сыйлықтармен қуантқысы келеді.
– Мен аудан орталығы тұрғындарының көбін танимын. Сондықтан таныстарым келсе, қызмет бағасын да түсіре саламын. Олармен шүйіркелесе әңгімелескеннен кейін көңілім жадырап қалады. “Көз – қорқақ, қол – батыр” дегендей, бұл іске аяқ баса алмай біраз жүріп қалғаным рас. Енді бұл мүмкіндікті қолдан жіберіп алмауым керек. Мен қоғамға қажетті болсам ғана өзімді толыққанды адам ретінде сезінемін, – дейді Татьяна Баньковская.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.