Петропавлдағы CLAAS ауыл шаруашылығы техникасы кәсіпорны жанынан дуалды білім беру жүйесі бойынша жаңа оқу орталығы ашылды. Бұл жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы негізінде қолға алынған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жүзеге асырылуда.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен CLAAS компаниясының Шығыс аймағы бойынша аға вице-президенті Михаэль Риттер бастаған германиялық делегация зауытқа арнайы бас сұғып, оқу орталығының мүмкіндіктерімен танысты.
Оқу орталығының ашылу салтанатында кәсіпорын мен Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжі дуалды білім беру туралы келісімге қол қойды. Бағдарлама студенттерге заманауи ауыл шаруашылығы технологиялары бойынша тәжірибелік дағдыларды меңгеруге бірегей мүмкіндік береді. Ол 60/40 қағидаты бойынша құрылып, студенттер көп уақыттарын тәжірибе алаңында өткізеді деп жоспарлануда.
– Үстіміздегі жылдың қаңтарында колледждің алғашқы 8 студенті зауыт аумағында арнайы жабдықталған оқу сыныбында практикалық сабақтарын бастады. Кәсіпорын заманауи техниканы меңгерген болашақ мамандарды белсенді түрде даярлауға баса назар аударуда. Оқу 3 жылға созылады. Орталықты бітірген түлектер CLAAS зауытына жұмысқа орналасады, – деп атап өтті өңір басшысы.
Мамандар зауыт өндірісінің жаңғыртылуына ерекше мән беруде. Былтыр кәсіпорында 350 техника шығарылды, олардың қатарында CLAAS Xerion тракторлары, CLAAS Trion комбайндары, HORSCH Sprinter егіс кешендері мен CLAAS орақтары бар. Биыл зауыт өндіріс көлемін ұлғайтып, 528 заманауи ауыл шаруашылығы техникасын шығаруды жоспарлап отыр.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.