Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдан бастап жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы басталатынын жариялаған болатын. Жобаға сәйкес мемлекет әрбір адамға мамандық беруді қолға алады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасын енгізу бойынша 2017-2021 жылдарға арналған жол картасын әзірледі. Енді жаңа жоба аясында жұмысшы мамандығын даярлау екі есе артпақ. Еліміздегі тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы аясында 671 мың азамат оқытылады. Ол үшін бюджеттен 73 млрд. теңге қарастырылған.
Бүгіндері солтүстікқазақстандық өрендерге 27 колледж білім беруде. Олардың 22-сі мемлекеттік тапсырыс негізінде қызмет көрсетеді. Осы колледждерде он екі мыңнан астам студент – 75 мамандық, 107 біліктілік бойынша білім алуда. Студенттердің үш жарым мыңға жуығы жұмысшы мамандықтарына оқытылуда. Орта буындағы мамандықтарға тоғыз мыңға жуық бала оқытылып жатса, оның бес мыңдайы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда. Қалған 3913 адам ақылы түрде оқиды.
2017 оқу жылынан бастап кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарына бюджеттік негізде 3526 адам қабылдау қарастырылған. Соның ішінде 2651 талапкер (75 пайыз) жұмысшы мамандықтары бойынша қабылданады. Өткен жылы жұмысшы мамандықтарына қабылданғандар 47 пайызды құраған болатын.
Бағдарлама бойынша бірінші кезекте жұмысшы мамандықтарын 9-11-сынып түлектері, тұрмысы нашар отбасынан шыққан, біліктілігі жоқ жастар игеретін болады. Жұмысшы мамандықтарына оқытылатын жастарға әлеуметтік қолдау ретінде 16759 теңге көлемінде шәкіртақы, жолақы және күніне бір рет ыстық тамақ беріледі.
Колледждерде техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша орта буын мамандарын оқыту 2 кезеңде жүзеге асырылатын болады. Бұл – тегін кәсіптік-техникалық білім беруге енгізіліп отырған жаңашылдық. Ол үшін алдымен барлығы жұмысшы мамандықтарын меңгеріп, қорытынды аттестаттаудан өтуі тиіс. Одан кейін түлектердің бір бөлігі еңбек нарығына барғысы келсе, қалғандары келесі деңгейді меңгеру үшін оқуын жалғастыра алады. Демек, алдымен тасқалаушы, ағаш шебері, сылақшы мамандығын алып, одан әрі келесі кезеңді жалғастыруына болады.
Колледждердегі жұмысшы мамандықтарына түсу үшін талапкер әңгімелесуден ғана өтеді, ал педагогикалық, медициналық, мәдениет және өнер мамандықтарына қабылдау конкурстық негізде жүргізіледі.
2017 жылы колледждерде мамандықтары жоқ жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғадар арасынан 1008 адамды бюджеттік негізде қысқа мерзімді курстарда оқыту көзделген. Қазіргі таңда мектеп оқушылары мен ата-аналар және жұмыссыз тұрғындар арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары басталды.
Алма ҚҰСАЙЫНОВА,
облыстық білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық-технологиялар орталығының әдіскері.