Дене мен рухтан тұратын адам баласы мұның алғашқысын күн сайын ішкен-жеген тағамымен қоректендіретіні айтпаса да анық. Ал рухымызды немен қоректендіреміз? Бұл сұрақтың жауабы баз біреулерге оп-оңай болғанымен, талай адамға қиынның қиыны. Өйткені, мазасыз рухымызды дамыған ғылым да, өрлеген экономика да, өрісі кең мәдениет те қанағаттандыра алмайды. Қаншама бай болсаң да, жегенің май болса да, бәрібір бірдеменің орны ойсырап тұрады.
Өкінішке қарай, рухымыздың қорегі рухани азық екендігін екінің бірі біле бермейді. Рухани қорегіміздің бірі емес, бірегейі жүрегіміз жай тауып, жан дүниеміз тыныштыққа, шексіз рахатқа бөленетін ғибадатымыз екендігінен бейхабар адамдар тіптен көп. Адами құндылықтардың орнын ақша басқан мына заман иманнан нәсібін ала алмай жүрген жандардың қатарын қалыңдата түспеуін ғана тілейміз.
Өзі де, сөзі де тарихта қалмаған Хрущев қасқаның бір игі ісін айта аламын: оның “Моральдық кодексі” мінсіз еді! Миллиондаған адамдарды, әсіресе, балаларды атша шұлғытқан сол Кодекс күлге айналғаннан кейін күні бүгінге дейін мораль мәселесін ауызға алуды қойғанымыз қандай өкінішті?!
Бұл Кодекс осыдан жарты ғасыр бұрын қабылданып еді. Ал Шәкірім болса осыдан 80-90 жыл бұрын: “Затшылдық көзді байлады”, – деп зарлана жырлаған болатын. Бұл, әрине, затшылдықтың ерте кезден бері етегімізге жабысқан “дерт” екенін көрсетеді. Өміріміздің рухани және материалдық тараптары арасындағы бұл үйлесімсіздіктің халқымызға қатер төндіріп тұрғанын қалайша айтпасқа?!
Міне, осының салдарынан мынадай да өлшемге жүгінуге барып жүр жұрт: гәп сенің жақсы немесе жаман адам болғаныңда емес. Неге десеңіз, сенің адалдығыңнан көгерген көк тиын пайда түспейтіндіктен, оған ешкім де селт етпейді, егер қалтаңның түбі тесік болса… Руханиятты – материалдық игіліктен, арожданды – есептесуден, адамгершілік және азаматтық парызын қара басынан да жоғары қоятын ат төбеліндей аз ғана адамдар тоғышарлар топырлаған мына заманда теңіздің тамшысындай ғана.
ХХІ ғасырдың адамы ғұмырын рухани байлыққа емес, материалдық игілікке ғана арнаған жансыз денеге айналғаны бүгінгі таңда анық аңғарылады. Материалдық әлемнің тегеурінді психологиялық ықпалы қос тізгінді тең ұстағысы келетін ізгі адамдардың үнін шығарушы ма еді?!
Рухани жұтаңдықтың белең алуына мына заманның қолайлы болып тұрғанын-ай, ә! Ай сайын жаңа кітап сатып алып, оқымаса, ішкені ас болмайтын әлеумет қазір кітап дүкендерінің бар-жоғынан бейхабар. Жаздырып алған газет-журналдары үйлерінің қабырғаларындағы пошта жәшіктеріне сыймайтын кезең ұмыт болғалы қашан?! Кинотеатрларға барып, жаңа фильмдерді көріп, қаншама тәлім-тәрбие алғанымызды енді кімге дәлелдерсің?! Осыншама рухани азық алған біздің жанымыз қандай жомарт еді?!
Біздің жанымызға бататыны – қазіргілердің осыншама рухани азықтан құр қалып отырғандығы. ҰБТ-ның сұрақтарын ғана сүзіп өткен, жүйелі білімнен жұрдай қазіргі жастар тарихымызды жете білмейді. Мынадай заманда олардың саясатқа зер салмайтындығы үлкен олқылық екендігін ойлап жүрген ешкім жоқ. Бір өкініштісі – ұлттық мектептерде оқып жүргендер орыс тіліне орашолақ. Бұл да кемшілігіміз болып табылады. Ал ең үлкен қателігіміз – ауыз әдебиетін жылы жауып қойғанымыз. Баяғы батыр бабаларымыздың ерлігін естімей өсіп келе жатқан балаларға ұлттық рухымызды дарытудың бұдан басқа қандай жолы бар еді? Бала болып күресіп көрмеген олар намыстан да жұрдай болып өседі ғой. Бұл – рухтың оты жанбай жатып, өшті деген сөз. Заман да, адам да қатыгезденіп, ізгіліктің іздерінің таптырмайтыны да, міне, содан.
Жо-жоқ, Алла тағала алуымыз үшін ғана емес, беруіміз үшін де бізге жарық дүние сыйлағанын түсінбей, түптің-түбінде тығырыққа тірейтін қалың нөпірде жоңқадай жөңкіле беруге болмайды! Боқ дүние ғана басты өлшемге айнала бастаған заманның кереғарлығын түсінгендер көбейе беруге тиіс. Біздің байлығымыз, мүлкіміз Алла тағалаға сүйіспеншілігімізден қымбат болмауға тиіс екендігі Құранда да, хадистерде де жазылған. Және де байлықтың соңына түспеуді ескертті, одан арылудың жолын көрсетті.
Жасыратыны жоқ, суық қолын сұқпайтын жері жоқ қазіргі адамдардың басым дені ақша табатын құлтемірлерге айналғандай. Мұның бәрін көріп отырмыз, бірақ реті келіп тұрған мынадай бір сұрақты қашан қоямыз: үйде де, түзде де – қайда болсын қыр соңымыздан қалмай қойған үрей мен абыржудан арылатын күн туа ма? Рухани және моральдық құндылықтардан айрылып қалғанымыз қашан алаңдатады?
Енді не істеу керек? Бұл қашаннан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан сұрақ. Мұны қоятын себебіміз – жауабын білгіміз келеді. Біз оң өзгерістің болғанын қалаймыз. Тектен-тек құлшынып тұрған жоқпыз: моральдық құндылықтарымыздан айрылу қатері төніп тұрғанын көріп тұрмыз. Адамзаттың тағдыры толғандырмаса, кім болғанымыз?! Нан табуды ғана емес, осыны да ойлаңыздар!
Бір жақсысы – көктен түсе қалғандай болған тәуелсіздігіміз ұлтымызды оятты. Бірақ аңқаулығымыздан арыла алмай-ақ келеміз. Аңқау халқымызды торына түсіргендер бұрын да көп еді, бүгін де көп…
Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – ұлы Абай айтқан, міне, осы бес дұшпанның да жаны сірі екен! Меніңше, біздің ең қауіпті дұшпанымыз – рушылдық. Бұл дерттің дауасы бар екендігін білетіндер көбейе түссе екен дегеннен басқа тілегім жоқ.
Ұлттық рухымыз болса, міне, осының барлығынан да жоғары тұруға тиіс екендігін, әттең, бәріміз бірдей біле бермейміз. Біздің намысшыл халық екеніміз рас болатын болса, осыны ұмытпайық! Рухты ел өзгенің табанының астына түспейді. Бұл – тарих та, халық та білетін ақиқат. Жұтаң болса рухымыз – жұрдай болар ұлтымыз…
Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.