Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөліміне 36 жасар ауыл тұрғыны арыз жазған. Ол кешке қарай көрші ауылға кеткен уақытында белгісіз қылмыскер үйінің пластикалық терезесін майыстырып, ішке еніп, алтын бұйымдары мен құндыз тонын ұрлаған. Келтірілген шығын сомасы 1 млн. теңгеден асады. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерделенген. Бейнежазбалар бұрын сотты болған 1990 жылы туған күдікті аудан тұрғынын анықтауға септігін тигізген. Ол үй иесінің жөндеу жұмыстарына жалдаған жұмысшыларының бірі болып шықты. Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті ұрлаған заттарды иесіне қайтарды, оған полицияға шақырғанда келу туралы міндеттеме түріндегі мәжбүрлеу шарасы қабылданды.
— Бейнебақылау камералары — ұрлықты ашудағы тиімді құрал, — дейді Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция майоры Асхат Ахметбеков. – Пәтер ұрлықтарының алдын алу үшін үй-жайдың техникалық нығайтылуын ескерген жөн. Сенімді құлып салып, мүмкіндік болған жағдайда пульттік күзетке қосылған бейнебақылау камераларын орнату керек.