«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ БОЛУҒА ТАЛПЫНЫС

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Қазақстанның тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі кеңесінің шешімімен 5 жыл мерзімге аккредиттеуден өтті.

Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін университет ректоры Оңдасын Әшімов хабардар етті. Аккредиттеу бакалавриат және магистратураның 34 мамандығы бойынша жүргізілді. Бұл – осы бес жылға дейінгі аралықта білім ошағында басқа тексеру болмайды және ол өзінің университет мәртебесін сақтайды деген сөз. Бұған дейін аккредиттеумен қатар аттестаттау жүргізілетін болса, ендігі уақытта соңғысы алынып тасталды.

“Аккредиттеу оқу орнына не береді?” – деген сұраққа Оңдасын Бәйкенұлы:  

– Жоғары оқу орны аккредиттеуден өткендіктен, біздің мамандар болашақта әлемдік еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті болады. Тәуелсіз аккредиттеу оқу орнының білім беру саласы, ғылыми-зерттеу және тәрбие жұмыстарының сапасына, университеттің материалдық-техникалық базасына тәуелсіз жоғары баға берді. Бұған дейін біз энергетика, машина жасау, аспап жасау сияқты үш білім беру бағдарламасы бойынша неміс агенттігінде халықаралық аккредиттеуден өткен болатынбыз. Халықаралық аккредиттеудің біздегіден деңгейі жоғары, – деді.

Биылғы жылдың күзінде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде радиотехника, электроника, ақпараттық жүйе (бакалавриат пен магистратура), информатика (бакалавриат) мамандықтары бойынша халықаралық агенттіктерден аккредиттеуден өтуге дайындық жүргізілуде. Олар осы бағыттағы жұмысты одан әрі де жалғастыруды көздеп отыр. Халықаралық агенттіктерде аккредиттеуден өткен мамандықтар бойынша бітірген түлектер әлемдік стандартқа сай дипломдар алады. Бұл олардың аккредиттеудің осы түрінен өтпеген жоғары оқу орындарының алдында мәртебесін көтереді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp