“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалында партиялық бақылау комиссиясы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтті.
2012-2013 жылдардың және 2014 жылдың 10 айы ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер бөлу кезіндегі заңдылықтардың сақталуына жүргізілген қоғамдық тексерудің нәтижесі туралы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Сайран Хамзин баяндады. Оның айтуынша, 2014 жылдың 1 қарашасына дейін мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алуға 13282 адам өтініш берген. Аудандар мен Петропавл қаласында пәтер бөлу кезегі Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асырылады.
Тексеру барысында Уәлиханов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегі кезекте тұрған азаматтарды тіркеу журналдарында жазудың үстінен штрихпен, қарындашпен түзетулер көптеп кездескен. Комиссия мүшелерінің Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл аудандарының пәтер алған тұрғындармен кездесулері барысында сумен және электрмен қамтамасыз ету жүйелеріне, құрылыс материалдарының сапасына, кейбір үйлердің суықтығына шағым айтылған.
Тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдар жыл сайын бірінші тоқсанда баспасөз беттерінде және интернет-ресурстарда кезекте тұрғандардың және баспана алғандардың тізімін жариялап тұруы керек. Алайда, Петропавл қаласы мен Қызылжар, Ақжар, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Ғ. Мүсірепов атындағы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінде бұл талаптар орындалмаған.
Облыста 13 Ұлы Отан соғысының ардагері кезекте тұр. Сонымен қатар, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың кезегі де тым баяу жылжуда. Жамбыл ауданында 95 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала тұрғын үй кезегінде тұрса, оның 32-сі – тұлдыр жетім. Жамбыл ауданында бірінші кезекте тұрған Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері көптен күткен пәтерге қол жеткізе алмай, қыркүйек айында өмірден өткен. Бірақ осы уақытқа дейін ол мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінен алынбаған. Қызылжар ауданындағы Сидельников деген ардагер пәтер кезегінде 2010 жылдан бері тұр.
Петропавл қаласында 2013 жылы тұрғын үй кезегінен 239 адам алынған, 134-іне азаматтың тұрғын үй кезегіне тұру туралы өтініші кері қайтарылған. 2014 жылы 26 азаматтың тұрғын үйге құқығы сот шешімімен қалпына келтірілген.
2014 жылғы жоспардан тыс тексеру барысында мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімінің бұзылуы, толық құжаттарсыз қызмет көрсету және мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік қызмет көрсетуге жағдайдың жасалмауы сияқты жайттар орын алғандығы анықталған. Жыл бойы 375 заң бұзушылық анықталып, 17 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.