“Еңбегіңнен ел таныр” деген аталы сөз бар ел ішінде. Халықтың еңбек етуіне жағдай жасау – ең өзекті мәселе. Десе де, халықты жұмыспен қамту бар да, еңбек заңнамасы талаптарының орындалуын қадағалау бар. Ал біздің облыста еңбекті қорғау қандай деңгейде? Осы сауалға жауап іздеп, облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Пішембаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Қайрат Сәкенұлы, “Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар адамның еңбегімен жасалады”, – деп Елбасымыз айтып өткендей, бақыт еңбекпен келеді. Табысқа жетудің кілті де еңбекте. Ендеше еңбек заңнамасының сақталуын бақылайтын мекеме ретінде сіздерге жүктелген жауапкершілік қандай?
– Біздің қоғамда қанша сала болса, сонша мамандық бар. Әр саланың жауапкершілік жүгі әрқалай. Сондықтан еңбек заңнамасының орындалуын бақылауда біздің басқармаға жүктелген жауапкершілік зор. Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы өз құзыреті шеңберінде келіп түскен өтініштер мен арыз-шағымдарды қарау негізінде жоспардан тыс және жоспарлы тексерістер жүргізеді. Біздер еңбек заңнамасының, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырамыз. Сонымен қатар, ұжымдық келісімшарттарға мониторинг жүргізіп, өндірістегі оқыс оқиғаларды зерттеумен айналысамыз. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жауапты тұлғалардың еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысында білім-біліктерін тексеру де біздің құзырымызда.
– Ал еңбек қатынастары саласында заң бұзушылықтар орын алды ма? Жалпы мемлекеттік еңбек инспекциясы тарапынан биыл қандай жұмыс атқарылды?
– 2015 жылдың 11 айында облыстың 548 кәсіпорнына тексеріс жүргізілді. Тексеру нәтижесінде 1440 еңбек заңнамасы бұзылғаны анықталды. Оның ішінде еңбек қатынасына қатысты – 1043, қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша 385 заң бұзушылық анықталып отыр. Жұмыспен қамту бойынша 12 заң бұзушылық тіркелді. Заң талаптарын сақтамаған 331 лауазымды және заңды тұлғаға 32,2 миллион теңге айыппұл салынып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Еңбек қатынасын бұзғандар, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтамаған жауапты тұлғаларға айыппұл салынды. Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша заң талаптарын ескермеген жұмыс берушілерге ұйғарым берілді. Мемлекеттік еңбек инспекторлары ұйғарымын мәжбүрлеп орындату туралы 28 шешім қабылданды. Сондықтан заңды бұзғандар жазасыз қалмайды.
– Сонда еңбек заңнамасының бұзылуының басты себебі қандай?
– Еңбек заңнамасының бұзылуына еңбекақының уақытында төленбеуі себеп болуда. Бұл ретте инвестор-фирманың басқаруындағы “СП “Трансавто” ЖШС-дегі күрделі жағдайды айтып өту жөн. Ал өткен жылдың 11 айының қорытындысында 2015 жылы өндірісте тіркелген 79 оқыс оқиға бойынша 80 адам зардап шекті. Оның ішінде 9 адам ажал құшты. Қалғандары ауыр, орташа және жеңіл жарақат алды. Бірақ 2014 жылмен салыстырғанда көрсеткіштің төмендегені байқалады. Ал мұндай оқыс оқиғалардың орын алуына еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиісті жетекшілер мен мамандардың жұмысқа жауапсыздығы, өндірістің қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуы, құрал-жабдықтар мен көлік құралдарын пайдалануда қауіпсіздік талаптарының бұзылуы себеп болды. Бюджеттік мекемелер мен ауыл шаруашылығы, құрылыс салалары, темір жол көлігі кәсіпорындарында, шағын және орта бизнесті ұйымдастыруда оқыс оқиғалар саны көп тіркелді. Қайғылы жағдай немесе ауыр жарақаттануға байланысты орын алған оқиға бойынша арнайы зерттеу жүргізілді. Қолға алынған жұмыс нәтижесінде өндірістік жарақаттылықтың саны азайғанын да атап өтуге болады.
– Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормативтерін жетілдіру мәселелері қалай қолға алынуда?
– Біздің елімізде қауіпсіздік және еңбекті қорғау аясындағы нормативтік-құқықтық негіз әлемдік тәжірибеге сәйкестендірілген. Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы еңбек аясындағы құзыретті орган ретінде жұмыс берушілермен де, жұмысшылармен де әңгімелесуге әрқашан дайын. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормативтерін жетілдіру мәселелері бойынша бізге бағытталған барлық ұсыныстар қаралып, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне жіберіледі.
– 2016 жылы Елбасының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында қандай шаралар қолға алынады?
– Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына жүктелген міндетке сәйкес 2016 жылы алға қойылған басты мәселе еңбек заңнамасы, қауіпсіздік және еңбекті қорғау аясында азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау болып табылады. Осы орайда біз әрқашан еңбек қатынастары саласындағы заңнаманың орындалуына ерекше назар аударамыз. Сондықтан алдағы уақытта өз міндетімізді орындау үшін барынша күш саламыз. Еңбек қатынастары саласында әділеттілікті орнату біздің парыз. Ал Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағытын атап өтті. Жаңа әлеуметтік саясатты жүзеге асыруда қазақстандықтарға зор сенім артылуда. Халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы еңбек өнімділігіне байланысты. Ал еңбек өнімділігі мемлекеттің экономикалық өсуіне әсер етеді. Жолдауда еңбек ресурстарының жұмылғыштығын жоғарылату бойынша бірінші кезекте еңбек күші артық өңірлердің еңбек күші жетіспейтін өңірлерге миграцияларды ынталандыруға бағытталған шараларды алдын ала қарастыру қажет екені айтылды. Азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында 2016 жылы жұмыспен қамтудың жаңа жол картасы жасалады. Бұл ретте біздің басқармаға жүктелетін міндет зор. Өйткені, жұмыспен қамтудың жаңа жол картасы бойынша еңбек заңнамасы талабының орындалуын бақылауды біз жүзеге асырамыз.
Мемлекет еңбек бостандығы құқығына кепілдік береді. Еңбек бостандығы қызметкердің таңдаған жұмыс түріне тиесілі. Сондықтан жұмыс таңдауда жұмысшы қоғамдық әлеуметтік кепілдіктермен таныс болуы керек. Яғни, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жұмысшы еңбекақыға, жұмыс уақытының ұзақтығын шектеуге, ең аз мерзімді демалысқа шығуға құқылы. Бұл мемлекеттік кепілдіктер жаңа Еңбек кодексінде айқындалған.
– Көп жағдайда еңбек қатынастары саласындағы заң бұзушылықтардың орын алуына байланысты жеке тұлғалар қайда барып, кімге шағымданарын білмей дал болады. Осы орайда оқырмандарға айтар қандай кеңесіңіз бар?
– Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы мамандары күн сайын азаматтарды қабылдайды. Кездесу барысында азаматтарға ақпараттық-талдау материалдары таратылып, кеңес беріледі. Ал ғаламтор желісін пайдаланушылар үшін басқарманың интернет-ресурсы жұмыс істейтінін ерекше атап өткім келеді. Солтүстікқазақстандықтар өздерін толғандырған сауалдарын сайтқа жазып, жауап ала алады. Сондай-ақ, 46-86-06 байланыс телефонына хабарласуға болады. Біз әрқашан жауап беруге дайынбыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.