«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢДЫ БҰРМАЛАСАҢ, ЖАЗАДАН ҚҰТЫЛМАЙСЫҢ

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңіріміздегі департаменті жанындағы Әдеп кеңесінің кезекті отырысында бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік істер қаралды. Мәселен, Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Біржан Хасенеев пен аппарат басшысы Зәуреш Мұсабаеваға тәртіптік жазаға тартудың тәртібін бұзғаны үшін жауап беруге тура келді.

Белгілі болғандай, Қайрат ауылдық округінің әкімі Қайыртай Жақыповқа бұған дейін сөгіс жарияланған екен. Егер ауылдық округ әкімі екінші рет шалыс басса, қызметіне толық сай еместігі туралы ескерту жасалады не болмаса лауазымы төмендетіледі. Осы орайда аппарат басшысы Зәуреш Мұсабаева облыстық әділет департаментінің Қайыртай Жақыповтың заңды бұрмалағаны жөнінде жіберген хатын біле тұра аудан әкімінің орынбасарына сөгісті мерзімінен бұрын алып тастау жөнінде ұсыныс жасаған. Осылайша, заңды бұрмалағаны үшін берілетін екінші жазаны жеңілдетпек болған. Ал аудан әкімінің орынбасары мәселенің байыбына бармай, қол қойған. Осындай әрекеттерінің салдарынан Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Біржан Хасенеевке Әдеп кодексін бұзғаны үшін қатаң сөгіс жарияланса, аппарат басшысы Зәуреш Мұсабаева мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін әрекеті үшін атқарып отырған қызметіне толық сай еместігі туралы ескерту алды.

Ал Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Жәкенқызына бекітілген қызметтік көлікпен оның орынбасары Алма Қасымғожина баласын балабақшадан әкетіп отырған. Осы орайда Әдеп кодексін бұзғаны үшін бөлім басшысына ескерту, ал оның орынбасарына сөгіс жарияланды.

Аққайың аудандық ветеринария бөлімінің төрт ай бұрын ғана тағайындалған басшысының да басы дауға қалды. Еліміздің бірқатар өңірлерінде сібір күйдіргісімен ауырған малдардың өлекселері көмілген мал қорымдарында санитарлық талаптардың бұзылуынан қайғылы оқиғалар тіркелгені белгілі. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін Аққайың ауданындағы сібір күйдіргісімен ауырған малдардың өлекселері көмілген мал қорымына қоршау орнатуға бөлінген 1 млн. 882 мың теңгені уақтылы игеруді көздеген ветеринария бөлімінің басшысы әлі қолға алынбаған жұмыстың толық аяқталғандығы жөнінде актіге қол қойып, қаржыны толық көлемде аударған. Бүгінгі таңда қоршауды орнату жұмысы қолға алынғанымен, әлі аяқталған жоқ. Әдеп кеңесінің мүшелері аудандық прокуратура өкіліне бұл мәселені назарда ұстау қажеттігін айтты. Егер аталған жұмыс аяқсыз қалатын болса, бүгін атқарып отырған қызметіне толық сай емес деген жазаға тартылған бөлім басшысына қатысты тәртіптік іс қайта қаралатын болады.

Әдеп кеңесінің барысында мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссиялардың үшінші тоқсандағы жұмысы қорытындыланып, облыстық білім басқармасында жүргізілген сыбайлас жемқорлық қылмыс тәуекелдерін ішкі талдаудың нәтижесі талқыланды.

Отырыста Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлмира Кәрімова облыс орталығындағы білім беру ұйымдарында қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықтың, теріс қылықтардың, әдеп бұзудың алдын алу шаралары жөнінде есеп берді. Әдеп кеңесінің мүшелері облыс орталығындағы “БЭСТ” гимназиясы мен “Дарын” мектеп-лицейінде құрылған қоғамдық қордың жұмысына күмәнмен қарап, оны назарда ұстау қажеттігін айтты.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp