Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында кезекті брифинг өтті. Бұл жолы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері еліміздегі сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның өңірлік филиалының басшысы Сергей Худяковпен кездесті.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына санаулы күндер қалды. Осыған орай сайлауға әзірлік барысын бақылау жайы сөз болды. Қазақстан Республикасындағы сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның өңірлік филиалының басшысы Сергей Худяков осыған дейін атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Петропавл қаласы мен аудандардағы 697 сайлау учаскесіне бақылаушының күнделігі, қысқаша нұсқаулық, атқарылған жұмысты қабылдау бойынша келісім актісінің, сол сияқты, орын алуы мүмкін бұзушылықтар туралы актінің үлгісі, бақылаушының куәлігі, тағы басқа материалдар таратылды.
Облыстың барлық аудандарында бақылаушылардың жұмысын үйлестіретін адамдар белгіленген. Оларды оқыту, кеңес беру және өздерінен жоғары тұрған бақылаушылармен келіссөз жүргізу тәртібіне үйрету бойынша жұмыс әлі де жалғасуда. Сайлау күніне дейін барлық бақылаушылар курстардан өтеді.
“Мен облыстық сайлау комиссиясы және үгіт жұмыстарын жүргізіп жатқан алты саяси партияның сайлауалды штабтарында болдым. Олар сайлау қарсаңындағы үгіт-насихат жұмыстарымен айналысуда. Саяси науқанның қалай өтіп жатқандығы, жергілікті атқарушы билік өкілдеріне қатысты сұрақтары бар-жоғын білдім”, – деді Сергей Худяков.
Оның айтуынша, көрнекі үгіт-насихат құралдарының барлығы стендтерге орналастырылған. Бұқаралық ақпарат құралдары олардың заңмен кепілдендірілген үгіт-насихат материалдарын орналастыру үшін арнайы орын бөлген. Бұл жағы жақсы жолға қойылған деуге толық негіз бар.
Бүгінгі күні 929 сайлау комиссиясы құрылып, оларда 6,5 мың адам жұмыс істеуде. Облыстық мәслихатқа – 31, қалалық мәслихатқа – 19 және аудандық мәслихаттарға 167 депутат сайлануы тиіс. Облыстық мәслихатқа – 96, қалалыққа – 58, аудандық мәслихаттарға 507 адам тіркелген.
Саяси партиялардың басшыларымен кездескен Сергей Худяков облыста сайлау туралы заңнамалар талаптарын бұзушылық жоқ екендігіне көз жеткізген. “Сондай-ақ, менің атыма да, облыстық штабқа да жеке тұлғалардан және саяси партиялардан ешқандай өтініш түскен жоқ”, – деді ол.
Сайлау учаскелері дайын. Әркім сайлау учаскесінде болып өзінің тізімде бар-жоғын тексере алады. Сайлау кезінде түрлі себептермен шетелде болатындар қосымша тізім арқылы сол жақта дауыс беру құқығына ие. Бүгінде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған.
Шетелден (Дания мен Ресейден) келген екі бақылаушы қазір аудандарды аралап жүр. Дауыс беретін күні олардың саны артатын болады.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.