Облыс орталығында полиция қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Жиынға сала қызметкерлері мен ардагерлері, тәртіп сақшыларының отбасы мүшелері қатысты. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов саладағы оң өзгерістер туралы баяндады.
– Полиция қызметкерлері елдің тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Қылмыспен күрес жолында кешенді жұмыстар атқарылуда. Полицияда қызмет ету аса жауапты әрі қауіпті, сонымен бірге игілікті іс. Сіздерге мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етуге қосқан үлестеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. 2020 жылдан бері өңірдегі құқық бұзушылық дерегі 49 пайызға азайған. Полицейлер «Заң мен тәртіп» қағидасын орнықтырудың алғы шебінде жүруі керек, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы өз сөзінде қоғамдық тәртіпті сақтау ісінде Еңбек ауылындағы оң бастаманы атап өтті. Бүгінде облыстағы арақтан бас тартқан елді мекендер саны 18-ге жеткен. Былтыр Бескөл ауылында өңірде алғаш болып аудандық жедел басқару орталығы ашылған. Алда мұндай орталықтар өзге аудандарда да жасақтала бастайды.
Шарада қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан капитан Анатоллий Добрыниннің, өрт сөндіру бөлімінің командирі Алтынбек Әбдірахмановтың есімдері ерекше ілтипатпен аталды. Өңір басшысы облыс орталығында құрылысы жүріп жатқан өрт сөндіру стансасына марқұм Алтынбек Оралұлының атын беруді ұсынды.
Шарада Қайырбек Дәулетханұлы, Зулфия Қожағұлова полковник шенін, Бахтияр Дулатұлы майор шенін мерзімінен бұрын иеленді. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы Ерболат Қожахметов, криминалдық полиция бөлімінің капитаны Нұрлан Абатев «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен мапаратталды. «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісі полиция майоры Алмат Садуақасовқа берілді. Бұдан бөлек, өзге де үздік қызметкерлер облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын иеленді.
– Барша әріптестерімді мерекемен құттықтаймын. Полиция қызметкерлеріне мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүрген тәртіп сақшылары аз емес, – дейді өңір басшысының Құрмет грамотасын иеленген Айыртау ауданының учаскелік инспекторы Шоқан Асқаров.
Шара барысында сала мамандарынан бөлек қызмет барысында көзге түскен жандардың отбасы мүшелеріне, тәртіп сақшыларының отбасыларына да марапаттар табысталды. Құрмет көрсетілгендердің қатарында өрт сөндіру кезінде қаза тапан Алтынбек Әбдірахмановтың жесірі Жанар Әбдірахманова мен ұл-қызы да бар.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».