“Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ-ның облыстық филиалында еліміздің зейнетақы жүйесінің 20 жылдығына арналған “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Оған облыстық кәсіпкерлер палатасының, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының өкілдері мен салымшылар қатысты.
Шара барысында қатысушылар назарына жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тарихынан сыр шертетін бейнебаян ұсынылды. Осыдан 20 жыл бұрын елімізде зейнетақы реформасы жүргізілген болатын. Бүгінгі таңда бұл жүйе өзінің дағдарысқа төзімділігі зор екенін дәлелдеуде.
– Бүгінгі таңда Қазақстанда тұрғындарды зейнетақымен қамтамасыз етудің көпдеңгейлі моделі жүзеге асырылуда. Оның қаржылық тұрақтылықты және зейнетақы төлемдерінің әлеуетін көтеруде маңызы зор. Облыстық филиалда 348 425 жеке зейнет салымы бар. Жалпы зейнетақы жинақтары 232 миллиард 442 миллионнан асады. 9 миллион 300 міндетті зейнет жарналарының 53 пайызы ерлерге, ал 47 пайызы нәзік жандарға тиесілі, – деді қор филиалының директоры Рамазан Мұқанов
Сонымен қатар филиал басшысы 2017-2021 жылдарға арналған корпоративтік стратегия және қызметкерлерді оқыту жүйесін дамыту бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылу барысы туралы айтып берді.
“Дөңгелек үстелде” облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының орынбасары Гүлбақыт Манабаева мемлекет қолдауының нәтижесінде соңғы жылдары зейнетақы мен жәрдемақы өскенін тілге тиек етті.
– Елбасы тапсырмасына сәйкес 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орта есеппен 1,8 есеге артты. Сәйкесінше облыстағы зейнеткерлердің базалық зейнетақысы 15274 теңгеден 28284 теңгеге дейін өсті,– деді Гүлбақыт Манабаева.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.