“Память” қоғамдық қорының төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Болат Сағындықтың “Издательство “Северный Казахстан” ЖШС баспаханасынан “Мемориал” кітабы жарыққа шықты. Онда автор саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдың тарихына кеңінен тоқталады.
Жазықсыздан-жазықсыз жапа шеккендер жайлы сыр шертетін жаңа туындысында автор облыс орталығындағы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 8 мыңға тарта азаматтың есiмдерi жазылған қабырға мен ерекше үлгідегі монументті тұрғызу мақсатында көп ізденіп, біраз еңбектенген. Болат Мағазұлы кітабының алғысөзін:
“Мемориал – ескерткіші өмірдің,
Қасіретті тарихы бұл өңірдің.
Құрбандарға келіп тағзым ететін,
Басатұғын ащы зарын көңілдің”, – деген өлең жолдарымен өрнектеп, оқырманға қасиетті орынның маңыздылығын ұғындырғандай болады. Ол 2002 жылы ешбір тарихи оқулықтарда, әдебиет шығармаларында жазылмай, халық арасында айтылмай келген қанды оқиғаны ұрпақ есінде қалдыру мақсатында бір топ ақсақалдардың көмегімен “Память” қорын құрып, осы істі соңына дейін жеткізу жолында аянбай тер төккен. “Кеңес одағының солақай саясаты отарланған ұлттың бас көтере алмай, құлақкесті құл болуы үшін, көзі ашық, саналы азаматтарының барлығын да қуғынға ұшыратты ғой. Бұл кітапты жазудағы мақсатым сол, боздақтардың есімдері жас ұрпақтың жадында сақталса деймін”, – дейді автор.
Сондай-ақ, бұл еңбекте саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай мен және тағы бір ескерткіш ашу бағытында атқарылып жатқан істер барысы баяндалады.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.