Пәтерлерден, жекеменшік үйлерден, кеңселерден, гараждардан біреудің мүлкін ұрлау тіркелетін мүліктік қылмыстардың басым бөлігін құрайды. Бұл ретте қылмыс орны бейнекамера назарына түспесе, куәгерлер болмаса, оның үстіне жәбірленушілер полицияға бірден жүгінбесе, ұрлықты ашу біраз уақыт пен ресурстарды қажет етеді. Иелері сақтық танытқан жағдайда, пәтер ұрлығының бір бөлігінің алдын алуға болады.
Криминалдық полиция басқармасының ақпараты бойынша, 2019-2020 жылдарға арналған бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл бағдарламасының шеңберінде қабылданатын шаралардың арқасында биылғы тоғыз айда пәтер ұрлығының саны 32 пайызға азайған. Жыл басынан бері облысымызда 514 пәтер ұрлығы тіркелді, алайда оның 63-і ашылмаған.
Облыстық полиция департаменті жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы полиция полковнигі Игорь Семеновтың айтуынша, пәтер ұрыларынан сақтану үшін кіреберіс есікке сувальдті, цилиндрлі құпиялық тетіктері бар түрлі жүйелердің сапалы құлыптарын қою қажет. Қылмыскерлердің өзімен бірге монтаждау құралдарын алып жүруі, шулап есіктегі бірнеше құлыпты бұзып, соған уақытын жұмсауы екіталай. Өкінішке қарай, кез-келген құлыпты бұзып ашуға болады. Сондықтан бірнеше сапалы құлыпты пайдаланумен қатар, үйден шығар алдында терезелерді жабуға ұмытпаған жөн, сондай-ақ пәтерде сигнализацияның (пультпен күзет, кіреберіс есікті ашу датчиктері, қозғалыс датчиктері) болғаны да дұрыс. Сондай-ақ, үй подъездерінде домофон мен бейнебақылау камераларының болуы да алдын алуда аса тиімді. Ұрылар камераларға назар аударады. Көршілердің қырағылығы, мессенджерлердегі ортақ чаттар – мүліктік қылмыстардың нәтижелі профилактикасы болып табылады.