«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Иесіз жүрген мал арнайы орынға қамалады

Облыста үй жануарларын бағу­дың ережелері күшіне енді. Полицейлердің айтуынша, бұл ережелер мал ұрлығының алдын алуда маңызды қадам болмақ. Өйткені, тұңғыш рет заңды түрде “қаңғыбас мал” түсінігі енгізіліп, бос жүрген мал үшін иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болды.

Бұдан былай жануарларды ұйым­дастырылған түрде ғана бағу қажет. Мал иелері үй жануарларын өздері бағады немесе басқа біреуге сеніп тапсыруға болады, бірақ бұл жағдайда үш жақты шарт жасасу керек. Бұл бақташының мал иесі алдындағы міндеттемесіне кепіл бола алады.

Жаңа талаптардың қатаң сақталуын Мамлют ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері де қадағалауда. Мұнда жергілікті атқарушы органдардың қаражатына кәсіпкерлердің қолдауымен 11 арнайы орын жасалды, бұл жерлер иесіз жүрген малдардың “айып тұрағы” ретінде қолданылмақ. Жаңа ережелер енгізілгеннен бері арнайы тұрақтарға 88 мал қамалды. Жа­қында тәртіп сақшыларына Меңгесер көлінің маңында жайылып жүрген 12 жылқыны осындай орындардың біріне қамауға тура келді. Мамлют аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Серік Әлжановтың айтуынша, жылқылардың бақташысы болмаған, оның үстіне, таңба да салынбаған, бұл иелерін іздестіруде қиындық туғызды. “Жануарлар ұрланған не жоғалған жағдайда иелік құқығын дәлелдеу қиынға соғушы еді”, – деген ол сол күні кешке жақын жануарлардың иесі – Меңгесер ауылының тұрғындары анықталғанын жеткізді. Олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы “Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу” бабы бойынша әкімшілік жазаға тартылып, жылқылары қайтарылды.

“Еркін жайылым мал ұрыларының арам ойларын іске асыруға мүмкіндік жасайды. Бос жүрген жануарлар көлік жүргізушілеріне де қауіп төндіреді”, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаров. Шаруашылықтарының басым бөлігі ұйымдастырылған түрде мал бағуға көшкен аудандарда мал ұрлығының саны күрт азайған. Сондай-ақ, тәртіп міндетті таңбалау мен биркалауды талап етеді. Кейбір шектеулер де енгізілген, мәселен, ауру малды жайылымға жіберуге тыйым салынады. Сондай-ақ, малды айдау, суару, жаюдың талаптары реттелген. Облыста иесіз малдарды уақытша қамайтын 54 орын әзірленген.

Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,

облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp