“Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” атты жұлдызды 25 күн акциясы аясында өткізілген облысымыздың инновациялық технологиялар жетістіктерінің көрмесіне №24, №26 орта мектептері мен “Снежинка”, “Няня” балабақшаларының ұстаздары мен тәрбиешілері қатысты.
– Тәуелсіздік жылдарында Петропавл қаласында 8 инновациялық мектеп, 5 мемлекеттік тілде білім беретін оқу орны, 7 қосымша білім беру ошағы, 12 мемлекеттік және 16 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемесі ашылды. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне ширек ғасыр толып отырған шақта біз болашаққа нық сеніммен қараймыз, – деді “Балапан” балабақшасының меңгерушісі Хазиза Баймұхаметова.
Балабақша қызметкерлері Гүлбақыт Нұрпейісова, Ольга Лукина, Любовь Югина қонақтарды көрмемен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде таныстырып, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындар жайлы нақты мысалдар келтірді. Балабақша тәрбиеленушілері Даниил Перминов “Аман болсын Елбасы!”, Ксения Балан “Менің Отаным – Қазақстан!”, Рома Медведев “My Kazakhstan!” атты өлеңдерін нақышына келтіре орындаса, Томирис Қалаутден “Сәлем, Қазақстан!”, ұстаздар “Туған жер” әндерін әуелетті.
Тәрбиеленушіміз Батырханның анасы Жайнагүл Маралқызы “Түрікмен” күйін күмбірлетті. Балабақша өнерпаздары “Тәуелсіздік – тұғырың” атты концерттің көркін қыздыра түсті. Іс-шара соңында қонақтар көрмеден алған әсерлерімен бөлісіп, көрген-білгендері жайлы пікірлер кітабына жазба қалдырды.
“Бала тәрбиесі – бесіктен” деген дана халқымыз, балғынның бойына патриоттық сезімді де жас кезінен қалыптастырады. Тәуелсіздігіміздің толағай табыстарының бірі – озық технологиялармен таныстыру да назардан тыс қалмауға тиіс.
Алтынгүл ЕЛПАНОВА,
“Балапан” бөбекжай-бақшасының мұғалімі.