М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-де “Заманауи әлемдегі ғылымның рөлі” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында Леонардо Да Винчидің 500 жылдығына орай Италия тілі мен мәдениеті орталығы ашылды. Оған интернационалдандыру жөніндегі проректор Александр Фигус бастамашылық жасады.
– Бұл орталықтың ашылуы – уақыт талабы. Өйткені бүгінде көптілділік қалыпты жағдайға айналуда. Шет тілдерін оқитын студенттер үшін итальян тілін меңгеру мүмкіндігі туды. Көптеген халықтардың тілдері мен мәдениетін білу адамдарды рухани байытады, – деді СҚМУ ректоры Серік Өмірбаев.
Орталықта итальян тілін тегін оқыту курстары басталып кеткен. Оқуын аяқтаған топтың бір бөлігі академиялық ұтқырлық бойынша Италияға аттанды. Қазанның 18-інен бастап екінші топты оқытуды бастау жоспарлануда. Әр топта 15 адамнан оқиды. Оған университет студенттері, қала мектептерінің мұғалімдері және 10-11 сынып оқушылары қатыса алады. Курсты орыс, ағылшын және итальян тілдерін жетік меңгерген волонтер Людовико өткізеді.
– Орыс тіліне қарағанда итальян тілін меңгеру жеңіл. Бұған дейін Ресейде ағылшын тілінен сабақ берген едім. Үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап Қазақстанда волонтер қызметін атқарып келемін. Алдағы жылдың маусым айына дейін СҚМУ-де сабақ беретін боламын, – деді Людовико Де Серио.
Орталықта қайта өрлеу дәуірінің көрнекті өкілі Леонардо Да Винчидің шығармашылық экспозициялары мен жаңалықтары ұсынылған. Итальяндық мәдениет – өркениеттің бесігі болып саналатындықтан, бұл орталықта итальян мәдениетіне арналған іс-шаралар өтеді.
– Қазақстан мен Италия арасындағы қарым-қатынастың ұзақ тарихы бар. Бүгін біз университеттер арасындағы достастық есебінен мықты әрі берік байланыстар орнатуға тырысудамыз. 3-4 жылдан кейін бұл университет қазақстандық жоғары оқу орындарының рейтингісінде үздіктер қатарында болатынына сенемін, – дейді италиялық профессор Гуидо Аморетти.